Талаптың сақталуы бақылауда!

Бүгінгі күннің басты талабы – медициналық қоғаныс құралдарын пайдалану, санитарлық норманың сақталуын қадағалау мақсатында Осакаров ауданында 23 мобильді топ жұмыс атқаруда. Олар дәріханалар мен дүкендер, дәмханалар мен мекемелерге рейдтер өткізуде.

Әкімдік қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, қоғам өкілдері мен еріктілерден құралған топтар қауіпсіздікке баса көңіл бөліп, бас дәрігер Қаулысына сәйкес талаптардың сақталуын бақылап жүр. Кәсіпкерлерге карантин талаптары жөінінде ақпарат беріп, оны бұзғандарға айыппұл толтырады.

Тұрғындардың денсаулығы үшін  қарапайым ережелерді сақтаудың маңыздылығына шақырған мамандарға түсіністікпен қарап, бетперде киіп, қорғаныс құралдарын пайдалану, ара қашықтықты сақтау – күнделікті әдетке айналып отыр. Әйтсе де талапты белден басып, азық-түлікті жабық күйде сақтауға үстіртін қарап, сауда объектілерінде қолғапсыз және маскасыз жұмыс істеу, бетперде режимін бұзушылық кездесуде.

Мобильді топ мүшелері қазан айында 116 нысанды тексеріп, 20 бұзушылық тіркесе, қараша айында мониторингпен 226 нысан қамтылып, 19 заң бұзушылық анықталды.

Кестеге сәйкес,  желтоқсан айында 171 объектіні мониторингпен қамту жоспарланған. 1-9 желтоқсан аралығында мониторингпен 52 нысан қамтылып, өкінішке орай, 5 сауда нысанында санитарлық талапты бұзушылық анықталып отыр. Айта кетері, Молодежный кентінде қоғамдық тамақтану нысанында адамдар жаппай жиналатын іс-шаралар тіркеліп, басшысы жауапқа тартылды.

Сонымен қатар арнайы топтар дәріханалар желісіндегі дәрі-дәрмектерді бақылау кезінде антипиретикалық және вирусқа қарсы құралдар, антикоагулянттар, жеке қорғаныс құралдары, антисептиктер, дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті мөлшерінің бар екенін анықтады. Білім беру объектілері 100% дезинфекциялық құралдармен, яғни ЖҚҚ-мен, антисептиктермен, дезинфекциялық тосқауылдармен, маскалармен қамтамасыз етілген.

Осындай сын уақытта аудан тұрғындарының денсаулығын басты назарда ұстаған мобильді топтар өз жұмыстарын одан әрі жалғастырады.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған