Төтенше жағдай режимі кезінде үйде жұмыс істегені үшін жалақы қалай төленеді

Қарағанды облысындағы кейбір компаниялар мен кәсіпорындардың қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істей бастады. Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басшысы Ирина Любарская тұрғындардың еңбекақысына бұл ереже қалай әсер ететінін түсіндіріп берді. 

1. Қашықтықтан жұмыс істеуге меншік нысанына қарамастан кез келген кәсіпорын өтуі мүмкін. Қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 138 бабында регламенттелген. Бұл ретте, жалақы әдеттегідей төленуі керек, яғни толық көлемде. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс берушінің актісімен реттеледі.

2. ҚР Еңбек кодексінің 70 бабы жұмыс берушілерге толық емес жұмыс уақыты режиміне (қысқартылған жұмыс аптасы немесе қысқартылған жұмыс күні) ауыстыруға құқық береді. Бұл жағдайда жалақы мөлшері нақты жұмыс істелген уақыт бойынша өтеледі.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс беруші мен қызметкерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу жағдайында төлемақы еңбек және ұжымдық шарттармен белгілененген ереже бойынша анықталады. Мөлшері ең төменгі жалақыдан (42 500 теңге) төмен болмауы керек. Ал тараптардың келісімі бойынша ЕТЖ-дан асуы мүмкін.

3. Егер кәсіпорында қысқарту өткізу керек болса, жұмыс беруші бір ай бұрын қызметкерді хабардар етіп, ол жайлы жұмыспен қамту жөніндегі құзыретті органдарға хабарлауы тиіс. Бұл ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының нормасы. Қысқарту кезінде қызметкер бір айлық жалақы мөлшерінде өтемақы алады.

2020 жылдың басынан бастап «Әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Жұмысынан айырылғандао үшін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Алты ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төленеді.

Әлеуметтік төлем мөлшері қызметкер алған жалақының 40%-ын құрайды. Ол үшін жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Бүгінгі таңда оны қашықтықтан жасауға болады. Тіркелген соң әлеуметтік төлем тағайындалады.

Еңбек заңнамасы мәселелері бойынша жедел желі жұмыс істейді: (8-7212) 432084.

Сондай-ақ, электрондық пошта арқылы хабарласуға болады enbek@krg.gov.kz немесе Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының Facebook (https://www.facebook.com/uit.karaganda), Instagram (https://www.instagram.com/enbekkrg.kz/) әлеуметтік желілерінде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған