«Шебер-2021» фестивалінде киізден бұйымдар жасау және қазақтың ою-өрнегі туралы айтылады

1-31 наурыз аралығында Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезді кентінің тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы жыл сайынғы «Алтын тамыр» этнографиялық айлығына шақырады. Оның тақырыбы – «Дәстүрлі қолданбалы өнердегі «Мәңгілік ел» идеялары».

Айлық аясында тоғызыншы рет дәстүрлі «Шебер-2021» қолданбалы өнер фестивалі өткізіледі.

Бұл жолы көптеген түрлі және қызықты іс-шаралар жоспарланған. «Тулақ шашу» атты этнографиялық фестиваль өтеді. Кент тұрғындарының көмегімен көрермендерге киізден бұйымдар жасау өнері, сондай-ақ қазақтың өрнекті киіз кілемін жасау технологиясы туралы айтылады.

Кент жастарының қатысуымен «Наурыз бастауы» атты іс-шара ұйымдастырылмақ. Ол әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларды қолдауға арналады.

Сонымен қатар «Балаға мейірім сыйла» акциясы өтеді.

Жиырма бірінші наурызда мұражай қызметкерлері ауылдың қарт және ең кішкентай тұрғындарымен бірге таңды қарсы алады. «Жаңа күн, жарылқа елімді» атты іс-шара осыған арналды.

Мұражайдағы шеберлік-сабақтарында қолөнершілер дәстүрлі қазақ тоқымашылығы мен иіру, ағаш пен сүйектен ою, тері илеу және т.б. туралы әңгімелеп береді.

«Ой ой, өрнек сал» онлайн-кездесуінде «Қазына» сыйлығының лауреаты этнограф Шөптібай Байділдаұлы шеберлік құпиясымен бөліседі. Ол ою-өрнектің 1500-ден астам түрінің авторы. Барлық тілек білдірушілер өздерін қазақ халық өрнектерін жасаушы рөлінде сынап көре алады.

«Қыс тақырыбындағы өрнектер» семинарында келушілерге қола дәуіріндегі қыш бұйымдарындағы ою-өрнектер туралы айтылады. «Атамнның әңгімесі» шеберлік сабағына сүйектен қуыршақ жасау өнеріне қызығушылық танытқандардың барлығы қатыса алады.

Фестиваль аясында бейнетуралар, экспозициялар және танымдық дәрістер өтеді.

Мұражайдың әлеуметтік желілеріндегі қосымша ақпарат: @muzei_zhezdy Instagram-парақшасында және Facebook: Muzei Jezdy.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған