«Сарыбел» – тарихи атау

Құрметті аудан тұрғындары! Мен, Осакаровка кентінің қоғамдық жұмыстарының белсенді азаматымын. Әр азамат туған еліне, жеріне еңбек етіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысқаны дұрыс. Яғни ауданымыздың көркеюіне, дамуына, болашағына қатысты шараларға жауапкершілікпен қарап, тұрақты түрде қатысуы керек деп есептеймін.

Мен өзім, ағымдағы жылдың ақпан айында ауданға қарасты 21 ауылдық округ пен 2 кенттің жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесіп, соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген  «Осакаров» ауданының атын «Сарыбел» ауданы деп өзгерту мәселесін көтердім. Кездесу барысында көпшілік аудан атауын өзгертуді қолдады.

Айта кетсем, егеменді еліміздің тәуелсіздігін алғанына міне, 30 жыл толмақ. Елді-мекен, ауыл, көше атауларына жер-су, дәстүрлі және қазақ халқына танымал болған ұлы тұлғалардың есімін беру, сонымен қоса, тарихи атауларын немесе жер бедеріне сай атауларды беру дұрыс деп ойлаймын.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценттері, тарих, филология, география ғылымдары кандидаттарының «Сарыбел» атауына берген ғылыми сараптамасына сүйене келсек: «…Осакаров ауданы аумағы алып жатқан жер-қазақ елінің жазда бас қосатын жазық даладағы жайлауы. Ол жазықтың бедері (рельефі) жолаушының көз алдында ұзынынан созылып, кішігірім ойпаңы мен дөңі алма кезек ауысып, алдынан шығып жататын сары дала болып елестейтін болғандықтан және де әр маусымдағы ауа райының ерекшелігіне сай – «Сарыбел» деген атқа ие болған. Дөңдері мен ойпаңдары ұзынынан созылып жатқан Сарыарқаның жазық даласын қазақи ұғымда «Сарыбел» деп атаған. «Сарыбел» атауы аудан жерінің табиғи-географиялық қасиеті мен климатына адам тарапынан берілген мәнінен, сипатынан туындағын атау….» -делінген.

Осы айтылғандарды ескере келіп, Осакаров ауданының атауын «Сарыбел ауданы» деп өзгертуді дұрыс деп санаймын.

Әкімбеков Арнабек

Осакаровка кентінің тұрғын

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған