«Салтанаттың» игі бастамалары құптарлық

Еңбекшіл әулет

     

Елбасы   еліміздің дамуына тың серпін беретін, аса маңызды 10 міндетті белгілеп, оның ішіндегі үшінші міндет – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі аясында тиімді өндірісті қамтамасыз етуі және тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруы үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге айрықша елеулі қолдау көрсеткен болатын.

Шаруалар үшін – «Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет», деп ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алдына нақты міндеттер қойған болатын.

  • Шалғай ауылда «Салтанат» шаруа қожалығын ашып, техника және агрегаттар жетіспеушілігіне қарамай, өте ескірген жабдықтармен егін салып, мал өсіре бастадық, – дейді «Салтанат» шаруа қожалығының төрағасы Баян Елшин.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау, көмек жылдан-жылға ұлғая бастаған шақта ынталандыру шараларымен мал шаруашылығы саласы да қамтылған еді. Осылайша алғашында «Алтын астық», «Құлан» бағдарламалары арқылы мал бастарын асылдандыра бастаған шаруа қожалығы моральдық тұрғыда әбден ескірген техника және агрегат, қондырғыларын жаңартып алады. Шаруа қожалығының жетекшісі Баян Елшиннің айтуынша қожалықтың өркендеуіне мемлекеттік бағдарламаның көмегі көп тиген. Лизингке алынған техникалар арқылы бүгінгі күнде жалпы 2125 га алқапты игеріп отыр. Оның 245 га егістік, 151 га – шабындық болса,– жайылым жер 1672 га.

Еңбек жолын 1988 жылы мал шаруашылығының бригадирі, 1990 – 1997 жылдары аралығында Осакаров кеңшарының №4 бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1994 жылы аудандық мәслихатының 1- ші шақырылым депутаты болған.

2001 жылы «Салтанат» шаруа қожалығын құрып, осы уақытқа дейін басқарып келеді.

Баян Елшин туған ауылында 1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1982 жылы Дальный ауылдық ОМ білім алып шығады. Бүгінгі күнде жоғары білімді мал маманының еңбек марапаттары жетерлік. «Еңбек ері» орденінің иегері, ҚазАгро ұлттық холдингі төрағасынан, облыс әкімінен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарынан алғыс хаттар алған.

Елшиндер әулетінің астық өндіру және сүтті мал шаруашылығы, асыл тұқымды мал өсіру бағытында ізденістері мол. Осы мақсатта Чехиядан 250 бас әкеліп және 300 бас «Қазақтың ақ бас» сиырын өсіріп отыр.

Шаруа қожалығы өз қаражатына сауын қондырғысы мен сүт салқындататын сауыт сатып алып, «Нәтиже» фирмасында сүтті өңдеп пакеттеу арқылы Нұр – Сұлтан, Қарағанды қалалық сауда нүктелерінде сүт өнімдерін саудалап келеді.

Еңбекшіл әулеттің балалары Әнуар, Мадияр және ағайынды Қуантай, Аян Елшиндер болашақта іске қосылатын сүтті – тауар кешенін сандық технологиямен жабдықтауға белсене кірісіп отыр. Осы салаға қаладағы қызметін тастап, ауылға оралған жоғары білімді, ағылшын тілін жетік білетін докторлық диссертация қорғаған Ануар Баянұлының ауылға оралуы қожалық жұмысына тың серпін әкеліп отыр.

«Салтанат» шаруа қожалығы 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының басты басымдықтары бойынша нарықта бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің молаюын қамтамасыз ету үшін барын салуда. 2021 жылы 600 басқа арналған сүтті – тауар кешенін іске қосу мақсатында  «Симментал» асыл тұқымды ірі қара мал басын Германиядан сатып әкелмек. Жылқы, ірі қара, ұсақ мал өсірумен айналысып, мол тәжірибе жинақтаған ауданымыздың озат фермерлерінің қатарында болған «Салтанат» шаруа қожалығының игі бастамалары айтуға тұрарлық. Әр сауын сиырынан күніне 25 – 30 литр сүт сау мақсатында «Сүтті – тауар кешенін» неміс ғалымдары сандық технологиямен жабдықтауға ынталы..

Қожалық құрылған сәттен бастап, Қуантай Даниярұлы механизатор, ал Аян Даниярұлы бақташы болып еңбек етіп келеді. Елшин Баян Данияровичтің өзі «Евразия-Инвест ltd» ЖШС-де бие сүтін өндіретін жылқы зауытының «Саумал» ЖШС-де басқарушы болып жұмыс істейді.

«Саумал» құрғақ бие ұнтағын шығаратын кәсіпорын сауда айналымын арттыруда. Егер қазір компания жылына 20 тонна өнім өндіретін болса, келесі жылы бұл сан еселеп өсіп, шамамен 120 тоннаны құрайтын болады. Сонымен қатар, «Евразия Инвест ЛТД» балалар тамағымен айналысуды жоспарлап отыр.

–           Кәсіпорын өз өнімдерін қазірдің өзінде Астана мен Алматыда сатуда. «Бие сүті нәрестелер үшін өте пайдалы, оны ана сүтіне, әсіресе сиыр сүтіне аллергиясы бар нәрестелерге алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, бұл бауыр аурулары, гепатит, асқазан – ішек жолдары үшін, яғни жаралар мен гастрит үшін пайдалы», – деп түсіндірді басқарушы директор Баян Елшин.

Қос өндірістің осынау игі жетістіктеріне қол жеткізуіне баласы Мадиярдың да қосқан үлесі мол. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Мадияр Баянұлы ауылының абырой беделінің артуына жастық жігері мен білімін жұмсап келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болып, аграрлық еңбек тәжірибесін шыңдап, жастай ел басқарып, Жансары ауылдық округінің әкімі де болып қызмет атқарды. Шет тілін еркін меңгерген, жоғары білімді агроном маманының бүгінде әкесінің жанынан табылуы – шалғайдағы ауылдың балашаққа деген зор сенімін арттырып, еңбекшіл әулеттің талмай ізденіп, тынбай еңбектенуі арқылы үлкен жетістіктерге жол ашып отырғаны қуантады.

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған