Сайлау құқығы сақталады

Қарағандыда онлайн режимде азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді. Бұл семинар алдағы ауыл әкімдерін тікелей сайлауға байланысты ұйымдастырылды. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңестің бастамашылары – облыстық сот пен өңірдің прокуратурасы. Бейне-байланысқа қала мен аудан әкімдері, судьялар мен прокурорлар, құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

 

– Сайлау туралы заңнама жетілдірілді. Азаматтар ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін өздері таңдауға мүмкіндік алды. Сот жүйесі бұл өзгерістерге уақытылы жауап берді. 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс күшіне енді, – деп атап өтті облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Туғанбаев.

 

Онлайн-кездесуде «Сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының негізгі ережелері, сондай-ақ, сайлау құқықтарын қорғау туралы істерді қараудың ерекшеліктері түсіндірілді. Сайлау комиссияларының сайлауды өткізуге дайындығы туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Даулат Ешкеев баяндады. Қарағанды облысында ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 25 шілдеде, 149 елдімекенде өтеді. 75 ауыл әкімі сайланады. 268 кандидат тіркелген. 81 мыңнан астам сайлаушы дауыс береді. Сайлауды өткізуге 164 сайлау комиссиясы – 15 аумақтық және 149 учаскелік комиссия жұмылдырылады.

Сайлау құқығы сақталады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.