Құрақ құрап, сұлулықпен сырласқан

Еңбекшіл әулет

  

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Бұл өнермен айналысатындардың көп бөлігі әжелер. Жастар өте аз. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер – бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатып, іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Сан алуан түсті маталарды қиюластырып, қиықтарды үйлестіріп, құрақ көрпе жасап, сұлулықпен сырласқан,  зердесінде зейіні бар қолөнер иесі Айнагүл Хавданмен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.

  • Халқымыздың төл өнерін насихаттап, оны жастар арасына үйретіп жүрген буын – кешегі балаң қыздар – бүгінгі апалар, ақ жаулықты аналар Сіздер емес пе? Өнер отбасыларыңызға әжеңізден немесе анаңыздан дарыған болар?

-Иә, 1973 жылы Баянөлгей аумағының Бұлғын ауылындағы көп балалы отбасында дүниеге келдім. Жастайымнан қазақы нақыштағы бұйымдарды жасандыру, сондай-ақ, жүн сабап киіз басу, текемет басу, ұршық иіріп, оны ширатып киім тоқу, ши орау, көрпе құрап, сырғалақ айналдыру қолөнерін анам мен әжемнен үйреніп өстім. Халқымыздың төл өнері ел арасында сәнге айналды ма – әйтеуір сол кезде жасөспірім қыздардың шеберлігі бірінен-бірі асып түсіп жататын. Алтын құрсақты анам өмірге 17 баланы әкеліп, соның 14 – ін ер жеткізді. Ағайындылардың 9 – ы бүгінде Қазақстан Республикасын мекендеп жатыр.

2011 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Қазақ халқы – кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші. Әулетімізде анам, өзім, қызым, келінім құрақ құрау, жалпы тігіншілік қолөнерімен айналысамыз. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан – ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнерді бабалардан қалған мәдени мұрамызды ең асыл құнды қазынаға балаймыз. Бос уақытымда қолөнермен айналысқанды ұнатамын.

– Қолөнердегі қазақ символы дегенді қалай түсінесіз?

–  Қолөнердегі қазақ символы – ою, өрнектер. Қазақтың қолөнерін оның ою-өрнегі мен әшекейінен айырасың. Еліміздің Көк байрағында да қазақ символы – оюлар мен мұндалап тұр емес пе.  Қошқармүйіз бен қосмүйізді, арқармүйізді айыра алмайтын қазақ жоқ шығар. Киім-кешек пен әшекей – бұйымға, сырмақ, көрпе, алаша, кілем, жастық сынды тұрмыстық заттардың барлығына ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Ұлттық құндылықты ұрпаққа мұра және мақтаныш етіп, адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігімен көркем өнерге айналдырып, төртқұлақ, түйетабан, ботамойын, түлкібас, құсқанат өрнектерімен тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер.

– Мата түстерін қалай таңдайсыз?

– Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Матаның қат кезінде қолда бар мүмкіндік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлы, гүлдісі ме, түктісі керек пе, түксізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары түстерді қалауынша пайдаланып отыр. Қазақ қолөнерінің, оның ішінде құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан. Түстер екі топқа бөлінеді: жылы және суық. Түс шеңберінде бір-біріне қарсы тұрған түстерді қарама-қарсы түстер дейді. Олар қызыл-жасыл, сары-күлгін, көк-қоңыр т.б. Әр түспен құбылта құрау барысында ақ түс – қайырымдылық (ақжол), пәктік, көк түс – жан тыныштығы, молшылық, татулық, сары – жеңілдік, нұрсәусе, қызыл – ең жеңіл түс (байлық, даму реңі), қоңыр – топырақ, жасыл – еркіндік, жігер, табандылықты паш етеді. Бірақ оның арғы бастауы бәрібір баба мұрада жатыр. Бәлкім кейінгі ұрпақ осы қолөнерімізді  жаңа заман талаптарымен үндестіре отырып, ақыл-ойын асқарға, қиялын-қияға жетелеп, киелі мұраның тиімділігін әлемге жеткізер.

– Құрақ құрау үшін қандай қажетті құрал – жабдықтар қажет?

– Құрақ–төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені құрақ немесе құрақ көрпе деп атайды. Құрақ құрау – өнердің сарқыламас қайнар көзі болғандықтан оған аса шығармашылық талап қажет. Алдымен сызғыш, өлшеуіш, қайшы, желім, жіп, тігін машинасы қажет. Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударсақ, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара аламыз. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың. Құраққа – плюш, пайжібек, мата, шытмақпал, торғын, барқыт, астарға – борлат таңдалады.

– Құрақ көрпелердің түрлеріне тоқтала кетсеңіз?

– Басты бұйымдары – көрпе, жастық, түрлі ойыншықтар болып келетін құрақ құрау шеберлігін – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті. Ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Құрақ негізінен, түрлі-түсті маталардан құралады. Мата қиығын қолына ұстаған әрбір әйел оны білмей тұрып қиық құрай алмайды, жасаған бұйымы көріксіз болып шығады. Яғни, құрақ құрауда қойылатын басты шарт – онымен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, бояулардың сырын білетін таным болуға тиіс.

Таңғажайып талантты ашатын қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау болып табылады.

Жаңа үлгідегі «сегізжапырақ”, «қызғалдақ”, «ботакөз”, «құдық”, «жұлдыз”, «шахмат тақтасы” құрағымен жастық тысы, көрпе, сырмақ жасалады.

Құрақ құрау – бұл нағыз өнер, мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ерекше түрі. Анам балалардың басы құралсын, ұрпақ жалғастығы сақталсын деп ырым етіп, мал – жан көбейсін деп, әрбір қиыққа мән беретін. Әсіресе қыз жасауына.

Қиықта әр түс бір-бірімен тығыз бірлікте тұрғанында ғарыштың, әлемнің бейнесін бедерлеп, мән-маңызға, құпия сырға толы екенін байқатады.

  • Соңғы уақыттары «Инстаграм» әлеуметтік желісі көп қыз-келіншектердің өз кәсібін насихаттауына үлкен мүмкіншілік туғызып отырғандықтан әлеуметтік желіні пайдаланып көрдіңіз бе?

-Құрақ құрау өнерін дымытуды насихаттауымыздың мақсаты қолөнерді сақтап қалып, дәстүрімізді жалғастыру. Жастарды өнерге баулып, тәрбиелеу болып табылады. Құрақ құрау – ұзақ ізденісті, ыждаһатты қол еңбегін қажет ететін іс. Шын шеберлікке қоса табандылықты талап етеді. Қолөнердің аса қымбат, қайталанбас сұлулығын, ғажайып көркін құрақ өнерімен дамыта түсу үшін Атырау, Маңғыстау облысының қыз – келіншектерінің ақыл – кеңестерін «Инстаграм» әлеуметтік желісінен тыңдадым. Осылайша құрақ құрау өнерін зерделей келе, бұл өнердің арнасы мен мүмкіндігі өте кең екеніне көзімді жеткіздім. Сол себепті бүгінгі ұрпақ ұлттық сезімін, мінез-құлқын, тілін, дәстүрін жоғалтпау керек деп түсінемін.

Бала күнімізде әжем қыздарын жинап, жүн түткізіп, қазық қақтырып, жіппен жүгіртетін. Ою ойдырып, тігілген сырмақ пен алашаны боятатын. Әжемнің қалай киіз басып, алаша тоқығанын көзбен көргендіктен, маған да құрақ көрпе тігу аса қиын болмады. Анамыз бұл өнердің әдіс-амалын үйретіп, көзбен көргенді көңілге түйіп, түйсініп өстік, – дейді Алмагүл.

Тігіншінің негізгі мамандығы – тәрбиеші. Осакаровка кентіндегі «Нұрай» бөбекжайында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс жасайды. Жұмыстан қолы қалт етсе, тапсырыс қабылдап, іс тігуге кіріседі. Айтуынша, қыз жасауы мен құрақ көрпеге деген сұраныс пен қызығушылық ел ортасында басым екен.

Отбасының осынау талпынысын мемлекеттік «Өрлеу» бағдарламасы қолдап, кәсібін дамытуға баласы Нұрболды Қадылқызына 500 мың теңге қаражат бөлген екен. Оған жаңа заманауй іс тігін машиналарын сатып алыпты.

Қазақта құрақтың 200-ден аса түрі бар делінеді. Ерте жоқшылық заманда мата қиындыларын құрау арқылы бір жапырақ шүберек болса да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісінен күтпеген өнер пайда болған. «Ою ойғанның ойы артық» деген тамаша ғибрат бар. Қиыстырып құрақ қиюға, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасауға Алмагүлдің талпынысы керемет. Отбасылық өнердің қымбат құндылығының бір айғағы – құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, бұл дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіні, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтататыны.

  • Икемі болса, әйел адамдарға іс тіккен өзі үшін де, отбасы үшін де пайдалы, – деп ақылымен бөлісті ісмер, – қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойып, қолөнер туындыларын қайта жаңғыртып қоймай, келер ұрпаққа да үйретіп, аманат етіп қалдыруды парызы санайды Алмагүл.

Құрақ құрап, сұлулықпен сырласып, жаны сүйген іспен айналысып, айналасына шуақ сыйлап жүрген кейіпкеріміздің деніне саулық, жанарына шырақ, қолына қуат тілейміз.

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған