Праймериз қатысушыларына алғыс хаттар табысталды

Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалында праймериз қорытындысы шығарылды. Сайлау алдындағы тартысқа алғаш рет қатысқан қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

– Мен пікірталасты бақылап, бағдарламаларыңызды жете ұғынуға тырыстым. Мен өзім үшін және жұмысым үшін көп нәрсені біліп, ойға түйдім. Сіздердің барлығыңыз үлкен жұмыс атқардыңыздар және өте маңызды тәжірибе жинадыңыздар деп есептеймін, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек партияластармен кездесуде.

Ол партияның 28 мүшесіне алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында жастар өкілдері, кәсіпорын басшылары, мұғалімдер, спортшылар бар.

Даниель Диль Костенко атындағы шахтада жер асты тау-кен жұмысшысы қызметін атқарады.

– Саяси реформаның бұл форматында тек партиялықтардың ғана емес, халықтың да «Мен өз елім үшін не істеймін?» деген өзіндік жеке ұстанымын қабылдауы мен санасы түбегейлі өзгерді. Бүгінде адамдар, әсіресе біз, жастар, қоғам өміріне белсенді қатысқымыз келеді, – деп атап өтті жас кенші.

Дәрігер Дмитрий Матюшконың айтуынша, кандидат ретінде ол барлық медицина қызметкерлерінің мүдделерін ортаға салған.

– Мен праймеризге алғаш рет қатысып отырмын. Бұл не екенін білмедім. Тіркеуден бастап мәреге дейінгі барлық жолдан өткеніме қуаныштымын. Алынған жаңа тәжірибе маған өте пайдалы болады, – деді ол. – Менің сайлауалды бағдарламам ең алдымен денсаулық сақтау жүйесіне қатысты болды. Дені сау ұлт – еліміздің басты басымдығы. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, бұл туралы әрдайым айтып келеді.

Праймеризге қатысушылар партияішілік іріктеу науқаны кезіндегі кездесулерде тұрғындар көтерген бірқатар мәселелерді айтты. Сұрақтар абаттандыру, жолдарды жөндеу, экологиялық жағдайды жақсарту, кезекте тұрғандар үшін жеңілдікті тұрғын үй салуға қатысты болды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Nur Otan партиясының 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына енгізіледі.

Праймеризге өтінімдерді қабылдау 17 тамызда басталды. Партия ішіндегі сайлауға барлығы 857 кандидат қатысты. Дауыс беру кезеңіне 730 адам жетті. Олардың барлығы өз бағдарламаларын ұсынды, облыс тұрғындарымен кездесті, белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және пікірталастарға қатысты. Үміткерлердің арасында жастар өкілдері, спортшылар, жұмысшылар, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардың қызметкерлері болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған