Парасатты отбасы

Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы болса, сол құндылықты көздерінің қарашығындай ұстап отырған ауданымыздағы үлгілі қара шаңырақтардың бірі – Экзековтар отбасы. Аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы (2015 жыл),  облыста аудан мәртебесін қорғап, жүлделі 3-орынға иеленген парасатты отбасы.

Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Тұрсын мен Маруа Экзековтар   1969  жылы  отау көтеріп, 4 бала тәрбиелеп  өсірді. Осакаров ауданының Құрметті азаматы – Тұрсын Балтабекұлы ауыл шаруашылығының білікті маманы ретінде Дальний ауылында зоотехник, аудандық атқару комитетінің төрағасы, совхоз директоры, Қ. Сәтпаев атындағы каналдың директоры, бірнеше мәрте  аудандық Кеңес депутаты, облыстық Кеңес және облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.  Ал, Маруа Адамбайқызы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өмір бойы  шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз.

Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ. Экзековтар отбасының балалары ата-анасының  тәлім-тәрбиесімен еңбекқор, алдарына  мақсат қоя білетін, талапшыл да талантты болып өсті. Бәрі де жоғары білімді, білікті  мамандар. Қыздары Шынар анасының  ізіменен педагогикалық  институтта оқып, кейіннен Алматы темір жол  академиясын  бітірді. Өмірлік жолдасы Жаннанмен екі бала тәрбиелеп отыр. Экзековтар отбасының тұңғыш ұлы Рүстем әке жолын қуып, ауыл шаруашылығын  таңдады. Ауыл шаруашылығы институтын  бітіріп, агроном мамандығын  алып шықты. «Талап» ШҚ құрып, егін салумен қоса мал өсірумен де айналысады. Дулат «Қазсушар» РМК «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалының Қарағанды пайдалану басқармасын басқарып отыр. Бүгінде ағайынды Экзековтар туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар. Рүстем Тұрсынұлы аудандық мәслихаттың депутаты, Дулат Тұрсынұлы облыстық мәслихаттың депутаты. Кенже ұл Талғат болса, заңгер мамандығын игерген. Саран қалалық сотының төрағасы. Үш ұлдың үшеуі де үйлі-баранды. Ең қызығы, барлық  келіндерінің есімдері Гүлмира. Олар да әр салада табысты  қызмет етуде.

Перзенттеріне тағылымды тәрбие беріп өсірген ерлі-за­йып­тылар  бүгінде аяулы ата-ана, ардақты ата мен әже. Халқына адал қызметімен, үлгі-өнегесімен танымал жандар балалары алдындағы ата-аналық борыштарын адал атқарды. Мерейлі отбасынан өрбіген саналы ұрпақ ардақтыларының атына кір келтірмеді. Балдай тәтті немерелері шапқылап, атасы мен апасының қуанышын еселеп келеді. Зымыраған уақытпен ілесе жүріп, ақ отаудан ордалы шаңыраққа айналған Тұрсын атай мен Маруа әжей бүгінде 12 немере, сүйіп отыр. «Отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған асыл жандардың қол ұстасып отау құрғандарына 51 жыл толыпты.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған