Осакаров домбырасы

Осыдан 35 жыл бұрын мен Осакаров ауданына арнайы жолсапармен келіп кеткен болатынмын. Сол бір естелігімді Осакаров ауданының құрылғанына 80 жыл және Осакаровка кентіне 110 мерейтойына арнауға бел шештім. Ол кезде мен ауылда механизатор болып жұмыс істейтінмін. Жазғы орақ науқаны. Сонау Қарағаштан ауылдың ең сенімді деген екі «МТЗ – 80» беларусі Осакаровкаға жолға шықтық. Мақсат дала қосына вагондар жеткізу болатын.

Ара – қашықтық 550 км. Барып қайтуы 1100 км. Жаздың аптап ыстығында жолай Қарқаралы мен Қарағанды қалаларында демалып алып, екі тәулікте Осакаровкаға жеттік.  Вагон шығаратын өндіріс орнынан екі вагонды тіркеп алып, жолай  азық – түлік алуға дүкенге кірсек, дүкен сөресіндегі домбыра көзімізге оттай басылды. Осакаров ауданында жасалған ұлттық домбыра екен. Ауылға тамаша силық болсын деп, қос домбырадан алдық. Бағасы да арзан болған соң, бұрауын келтіріп, шертіп көрместен сатып алдық. Сөйтіп ауылдағы ұлттық домбыраның санын төртеуге ұлғайтып едік, Мағаз екеуміз. Өкінішке орай әріптесім Мағаз Алтыбаев кейіннен марқұм болды. Араға ай салып, «Еңбек» совхозының директоры Жұмажан Қасымов бізді тағы да Осакаров ауданынан тағы да вагон әкелуге жұмсады. Осы сапарымызда арнайы домбыра сатып алуға артық ақша апарғанымызбен сатып алатын домбыра таппай қайттық. Бірақ менің жүрегімде Осакаровкаға деген ыстық сағыныш жатталып қалған болатын. Кейінірек сол домбыраларды ауыл дүкендерінен  сатып алдық. Сол кездерде мен ауылдастарыма алғашқы домбыра туралы естелігімді ерекше бір мақтанышпен әңгімелеп жүрдім.

2008 жылы Осакаров аудандық «Сельский труженик» газетінің Бас редакторы болып, қызметке келгенімде ең алғашқы шығармамды Осакаровканың домбырасына арнағым келген. Өкінішке орай Музыкалық фабрика жабылып қалған екен. Фабрика орналасқан Центральный ауылындағы мектеп жанынан құрылған тарихи өлкетану музейінен В. Зинченко мен Е. Ковшовадан домбыраға қатысты біраз жайларға қанықтым. Осы музейдің жетекшісі болған азаматтармен кездесу үшін №4 поселок атауына ие болған елді мекенге қызмет бабымен жиі барып тұрдым. Осакаровка кентімен іргелес орналасқан Музыка цехының тарихы туралы  бірнеше рет аудандық «Сельский труженик» газетінде жарияланды.

Елді мекеннің №4 поселок аталуы ауданымызға жер аударылғандар тарихымен байланысты болып шықты. Осыншама көп ұлтты тұрғындарды жұмыспен қамту Ақмолада салына бастаған үй құрылыстарына арнайы құрылыс материалдарын шығару мақсатын көздепті.

1932 жылы 3000 адамды жұмыспен қамтыған өндірістік комбинат құрылысы барысын 1934 жылы арнайы жол сапармен келген С. М. Киров көріп қайтады. Алғашында комбинатта құрылыс материалдары шығарыла бастаған екен. Мұнымен қоса, сәбилер ойыншығы қатарында тербелетін ат, қуыршақ, машина, шахмат ойыны тақтасы мен тастарын, тұрмысқа қажетті бұйымдар үстел орындық, су құятын үлкенді кішілі ағаш құтылар шығаратын ірі өндіріс орыны болыпты.

1938 жылы Музыка комбинаты болып өзгеріп, этно – мәдени бағытта балалайка, мандалин, гитара аспаптарын шығара бастайды. Комбинатқа В.Г Молодовскийдің басшылық жасағаны туралы естеліктерді осы Центральный ауылындағы мектеп жанынан құрылған тарихи өлкетану музейінен оқып таныстым.

Комбинатқа қатысты қызықты деректердің бірі – ол Ұлы Отан соғыс жылдарында комбинат 300 іс тігетін машинамен жабдықталады. Құрылыс цехында уақытша майданға арналған киім кешек тігетін цехта әйелдер жұмыс істей бастайды. Құрылыс цехының ойыншықтар әзірлейтін бөлігінде соғыс қарулары – винтовка, автоматтардың ағаш дің –  тірегі әзірленіп, киім – кешектермен бірге майданға жөнелтіле бастайды.

1946 жылы Музыкалық фабрика атауы өзгертіліп, алматылық Қасымовтың (өкінішке орай аты – жөні жазылмаған) белсенділігімен фабрикада бірыңғай домбыра шығару жүйелендіріле бастайды.

1958 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының тапсырысымен Музыкалық фабрикада әзірленген домбыралармен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Төлепберген Әбдірашұлы Әбдірашев дирижерлық жасаған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Болгариядағы халықаралық конкурста тамаша өнер көрсетіп, жеңіп қайтады.

1980 жылы Музыкалық фабрика жаңа ғимаратқа көшіріледі. Осының нәтижесінде Осакаров ауданы жылына 60 000 домбыра шығарып, шетелге сатуға міндеттеме алады. Арнайы тапсырыспен Мәскеу олимпиадасының логотипімен домбыралар шығарылып, олимпиада қонақтарына 2000 домбыра жөнелтіледі.

Осакаров ауданында кезінде сапалы домбыралар жасалғаны туралы өнер қайраткері Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев жиі еске алып отыратын. Музыка цехы Әбуғалисынды жиі шақыртады екен. Домбыраның бұрауын келтіріп, есілте шертіп – шертіп жіберсең ерекше күй төгіліп тұратын деген еді, жерлесіммен болған бір тамаша басқосуда. Ол маған киелі ұлттық домбыраның Отанында абыройлы қызмет атқаратын бол, – деген тамаша бір ағалық тілегін де айтқан еді. Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Көш жанаған», «Секіртпе», Әшімтайдың «Қоңырқаз», Тоқаның «Сарыжайлау», Аққыздың «Мұң қосбасар», Қыздарбектің «Сылқым қыз» күйлерінің жеке домбырада орындаған нұсқасын 2013 жылы ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Қазақ халқының ұлы күйші композиторы Тәттімбет Қазанғапұлының мұрасын зерттеп, халық арасына кеңінен насихаттаушы Тұрысбек Түсіпбековтің шебер орындағанын тыңдаған болатынмын. Сол сәтте де Тұрсекеңнің қолынан Осакаровканың домбырасын кездестіріп, бір марқайып қалған едім.

Канаданың Монреаль қаласында өткен Дүниежүзілік көрмеде жүлделі орын алған «Осакаровтың домбырасы» осылайша менің өміріме үлкен өзгеріс әкелген еді. Кезінде әлемді өнімдерімен тәнті еткен сол домбыра фабрикасы қазір қайда? Елбасы баста­ масымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Аталған бағдарлама аясында осы домбыра фабрикасын қайта құрсақ, жоғымыздың түгенделгені, өшкеніміздің жанғаны емес пе?

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған