Осакаров ауданының Молодежный кентін дамытуға бір миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады

Осакаров ауданының Молодежный кентіне биыл 1,3 миллиард теңге жұмсалмақ. Қаражат «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке ауданға жұмыс сапары барысында бюджет қаражатының нақты қайда жұмсалатыны туралы айтылды.

Жергілікті биліктің айтуынша, алты жоба жүзеге асырылып, 70-ке жуық жұмыс орны ашылады. Мәдениет үйі, екі мектеп пен спорт кешені күрделі жөндеуден өтеді, сондай-ақ Молодежный мен Ақбұлақ ауылдарының екі жолы жөнделеді.

– Өткен жылы біз аудан орталығы мен жақын маңдағы ауылдарға назар аудардық. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Осакаровкадағы 54 көше жөнделді, орталықтандырылған жылуға қосымша білім беру орталығы қосылды, Уызбай ауылының су құбыры желілері салынды, ауылдарға кіреберіс жолдар жөнделді, Молодежный кентіндегі №7 қазандыққа және жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді, сондай-ақ орталықтандырылған жылуға тұрғын үйлер, мәдени-сауық орталығы мен «Айгөлек» балабақшасы қосылды. Биыл ауыл жастарына баса назар аударылатын болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс басшысы тұрғын үй мәселесін де қозғады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 60 пәтерлі жалға берілетін үй салынатын құрылыс алаңын аралап көрді.

Жалпы Осакаров ауданы биыл әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған 120 отбасын пәтерлермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Оң өзгерістерге қарамастан, жастар саласында проблемалық мәселелер де бар. Мысалы, Жеңіс Қасымбек жергілікті ауруханаға барған кезінде оған медициналық мекемеге жөндеу қажет екені туралы айтылды. Облыс басшысы ЖСҚ әзірлеуді тапсырды, содан кейін қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушыларына су беретін Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың №19 сорғы станциясында болды. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорын – «Kazakhmys Coal» ЖШС жұмысымен танысты. Ол жыл сайын халықта Борлинский деп аталатын шамамен 8 миллион тонна көмір шығарады. Ал Трудовое ауылында өңір басшысы кәсіптік оқыту бойынша оқу-өндірістік комбинатына барып қайтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған