Қос құмайдың қожайыны

Ұлы мұратымыз салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуге барлық күш қайратын жұмсап келе жатқан Маржанкөл ауылының тұрғыны, үш баланың әкесі Қазбек Сәтбекұлы Абдрахмановтың ерен еңбегі туралы, ұрпақ тәрбиесіндегі келешек қоғам қамын ойлау жаңашылдығын ерекше айта кеткенді жөн көрдік.

Ауылдағы аға буын өз бойындағы ізеттілікті, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, Отанын сүю қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп келеді. Осылайша шағын ауылда ата-бабаларымыз бекзат өнерге ұластырған, биік дәрежеге жеткізген құмай тазы жүгірту дәстүрі ел ортасында қайыра жаңғыра бастады. Саятшылықтың бір тармағына жататын құмай тазы ұстап, аңға салу бойынша жақында Нұра ауданында өткен өңірлік асыл тұқымды аңшы және ұлттық ит түрлерінің көрмесінде Маржанкөл ауылының сері азаматы Қазбек Сәтбекұлы Абдырахмановтың екі бірдей құмай тазылары аң аулау, жүгірту бойынша бас жүлде мен үздік үштік нәтижеге қол жеткізіпті.

  • Бала күнінен саятшылыққа құмар боп өскен Қазбек Сәтбекұлы ұлттық дәстүрді ауылда жаңғыртып, керек десеңіз осы өнерге баласы Бақытжанды баулып, тіпті аудандық көкпаршылар құрама тобын осы ауылдан жасақтап отыр, – дейді Маржанкөл ауылдық округінің әкімі Есен Сембеков.

Тазыларды сараптаудан өткізетін Халықаралық және ұлттық деңгейдегі сарапшылар, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Аймақаралық кинологиялық орталық» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазбек Сәтбекұлының  құмай тазыларының басының, тұмсығының, бас сүйегінің көлемі, құлағы мен жағының, құйрығының ұзындығы, бойының биіктігі, кеуде, бел және жауырын өлшемі, аяқтарының арақашықтығы секілді бірнеше талаптар бойынша тексере келе үнемі марапаттап отырады екен. Іс-шараның бастамашылары Қарағанды облысы бойынша «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субьектілерінің қоғамдық бірлестігі осы көрмеге қатысқан Қазбектің құмайларының түр –  келбетін Ақмола, Қарағанды облысы, Астана қаласы асыл тұқымды ұлттық және аңшылық 25 ит  арасынан жоғары бағалапты.

  • Тазыларыма түлкі мен қоянды қызық үшін қудырамын. Көбіне жарату үшін жиі аңға шығып тұрамын, – дейді екі бірдей тазысын жетектеген Қазбек Сәтбекұлы бізбен әңгімесінде. Қазақы тазы тұқымының өзіне тән стандарты болады. Сол белгілер арқылы тексеріліп, сырт пішінін анықтайды, тазалығына мән береді, әбден зерттеп болған соң ғана патент беріледі. Әрбір тазыда құжат бар, енді чип салдырсам деп жүрмін. Өйткені дала тазысын «қаңғыбас ит» екен деп атып кетуі де мүмкін. Бос уақытта қораға қамап ұстап отырамын, – дейді құмайларына ерекше күтіммен қарап, бағасын арттырған қожайын.

Оған нақты дәлел ретінде құжаттары мен қоса бірнеше жыл қатарынан жеңіп алған дипломдарын суретке түсіріп алдық. Бұл құжаттар заңды тіркелгенін, оның «қаңғыбас иттер» қатарынан еместігін дәлелдейтінін «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды іске асыратын» мамандарға ерекше ескерте кетуді жөн көрдік. Қашқан аң құтыла алмайтын шапшаң, желдей ескен жүйрік, қайтпас батыр құмайдың тағдырын бір қорғасын оқ шешіп кетсе өкінішті – ақ.

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері дала тіршілігінде құмай тазы ұстап, аңға салып, саятшылық құрғаны белгілі. Асыл мұрамыз – тазы баптап, аңға салу дағдысы біртіндеп кенже қалып келе жатқаны да жасырын емес. Жортқан аңның адымын аштырмайтын, тұмсығымен құс тістейтін желдей ескен текті тазы тұқымының ауданымыздағы Уызбай ауылынан табылуын рухани жаңалық ретінде қабылдайық. Демеушілер мен жомарт жандар болса кәне…

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған