Орайы келген әңгіме: Тау баласы тауға қарап өседі

Сержан Ержанұлы Бейсенбаев 1999 жылғы 16 қарашада Қарағанды қаласында туған.

Осакаровка кентіндегі №1 Орта мектебінен білім алып, 2017 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің Бизнес, құқық және технология факультетіне оқуға түседі.  Студентпен кездесу сәтінде оның спорттық жетістіктері, Отанға деген құрмет сезімін жетілдіру, баланың  ата-ана алдындағы әдептілігі, спорттың басты құндылығы мен жастарды спортқа баулудың маңыздылығы туралы әңгіме қозғадық.

— Сержан Ержанұлы, қазақ күресі жайлы айтып беріңізші ?

—Қазақ күресінің арғы негізі азаматтың өзін қарсыласынан қорғау қабілеттілігімен тығыз байланысты. Бірақ күрестің негізгі ережелеріне киіну, белдік буыну, палуандар бір-бірін белден ұстап күресуі, аяқтан шалу енгізілген.

— Қазақ күресінің басқа күрес түрлерінен басты айырмашылықтары қандай?

— Қазақ күресінің басқа күрес түрлерінен басты айырмашылықтары қарсыласты аяқтан ұстауға болмайтын өте таза, белдесу барысында әділ сарапталатын тамаша ұлттық спорт түріне жатады. Жатып күресуге болмайды. Балуандар тұрып күреседі. Қазақ күресінің басты ерекшелігі — егер сенің тізеңмен, қолмен жерге тисең, жеңіліс белгісі.

— Уақыт озған сайын қазақ күресінің ережелері өзгерді деп ойлайсыз ба?

—Иә, әрине. Қазақ күресі ертеде жалаңаш кеудеге, белдік буынып күрес барысында қарсыласын жеңуді көздесе, уақыт өте келе палуандар үстіне киім кие бастады — ал ғасыр соңында көпшілік мақұлдауымен бірыңғай форма жасап шығарылды. Спорттық киімге торғауыт атауын профессор Елеумес Әлімханов берген болатын.

— Жаттықтырушылар залға келген балалардан балуандық қабілетті қалай байқайды? Қазіргі уақытта Қарағанды облысында қазақ күресі қалай дамуда?

— Баланың күреске деген қабілетін көре алатын жаттықтырушылар болады. Менің  жаттықтырушым Мақсат Ахметбековпен Қарағанды қаласындағы Н. Әбдіров спорт кешеніндегі спорт залында кездейсоқ кедесіп қалдым. Ол маған сенен тамаша палуан шығады деп сенім артты. Мен оған сендім, соңында ол мені тәрбиелеп, күрес тәсілдерін үйрете бастады. Барлық аймақтарда қазақ күресі Федерациясы бар, онда тұрақты жаттықтырушылар жұмыс істейді

— Болашақ әлем чемпионының жұмыс кестесі қандай деңгейде?

– Дұрыс айтасыз. Заман алға жылжи береді, біз асықпасақ, уақыт асығады. Сондықтан заман көшіне ілесіп, өз беделімізді жоғары ұстауымыз керек. Өзіңіз айтып өткендей, сұраныс басқа. Жаңа күрес тәсілдері түбегейлі өзгерген. Алғашында Осакаровка кентіндегі жаттықтырушыларым А. Сейітқалиев пен Е. Елшімановтардан палуандықтың негізін қалаған болатынмын. Қазіргі жаттықтырушым Мақсат Ахметбековке дейін өз салмақ дәрежемде облыс чемпионы атандым. Жаттықтырушыммен жиі кездесіп күрес  тәсілдерін мүлде жаңаша үйрену нәтижесінде 7 жыл бойы облыста алдыма жан салмадым. Ұлтымыздың абыройы, халқымыздың қазынасы, біздің мақтан тұтар байлығым қазақ күресін Республикалық деңгейге алып шықтық. Жаттығу тәсілдерін табиғат аясында өткізу арқылы Балқантау, Қарқаралы тауларына қадам басқан сайын туған жердің топырағы жаныма қуат, салқын самалы бойыма нәр береді. Бойымдағы туған жерге деген сүйіспеншілігім, әсем табиғатқа деген ынтызарлығым, табиғатқа шығып, өзіммен-өзі сырласуыма, өзіме-өзі есеп беруге ең лайықты орын – табиғат аясы таудың ұшар басы. Атты ерттеп мінгеннен бастап, балалық шағым тылсым табиғат аясында өтті.

Дәнен атам – «Таудай бол!» деп батасын үнемі беріп отырады. Осы сөздің астарына үңілсек, бұл тілекте тек биіктік қана емес, һас батырға тән қайсарлық, төзімділік, мықтылық та қамтылған. Мұқағали ақынның – Тау баласы тауға қарап өседі, сондықтан биіктерден ғана биіктерді көре аласың, деп меңзеген :

Тау ұлымын,

Тау – менің дәу бесігім,

Мен оның әуресімін, сәулесімін.

Асқар шыңдар желпиді бесігімді,

Бір орамын ағытып сәлдесінің! – деген жыр толғамдары мені үнемі қайраттандырып жүреді. Тауға шығып, саяхаттағанда кішіге қамқор, еліне қорған, халқына жанашыр бола білген абзал ағаның таудай тұлғалы жырлары арқамды қуаттандырады.

Тауға шығу арқылы қиындықтарды жеңуді үйрендім, себебі таудан тас домалатып, сол лақтырған кесек тастарды іздеп тауып қайтадан қырға шығу оңай жұмыс емес. Біздің тәлімгеріміз Мақсат Ахметбековтен табиғатпен тілдесуді үйрендім.

— Демек, алдыға қойған мақсатты жоғалтып алмай, керісінше ұлттық қырына басымдық беруге жол ашылды ғой ?

—Әрине, алға қойған мақсаттарым үлкен, жоспарларымыз көп. Негізгі мақсатымыз – халыққа  кәсіби түрде қызмет ету. Жаттығулар күнделікті өтеді. Жақында ең мықты спортшылар Таразға барып, тауға шығып, шыңдалып келдік. Спортшылардың басты міндеті – жалқаулыққа қарсы тұру, өзін еңбексүйгіштікке және төзімділікке тәрбиелеу болып табылады.

—Отанға деген құрмет сезімін жетілдіру, баланың  ата-ана алдындағы әдептілігі туралы әңгіме қозғасақ ?

—Отанды қорғау- ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. Патриотизм – өз еңбегін, күш -жігерін туған жері мен Отанын көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді. Патриоттық сезімнің нысаны – Отан десек, оның негізі туған жер, ұлттық тіл, діл, дәстүр. Ізгіліктің ерлік істер қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы болып табылады. Қазақ күресін насихаттау мен ұлттық спорт түрлерін дамытуды көздеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бойында Отанға деген құрмет сезімін жетілдіру мақсатында өткен турнирде Қазақстан құрамасы қатарында бағымды сынап, жастар арасындағы «Түйе палуандар» сайысында жеңімпаз болып, «Сарыарқа Барысы» атандым.

Қыдыр дарып, құт қонған атамекенім Балқантау, Қарқаралы бұл менің ата-бабаларымның кіндік қаны тамған, елім деген рухы биік ұлыларым басқан жер. Әке – асқар тауың,- дейді қазақта. Ата-ана алдындағы әдептілік – баланың бармақтай кезінен бойына табиғи дарыған қасиет болуға тиіс. Ата-ананы сыйлау – елді сыйлау, ата-әжесін құрметтеу – өмірді құрметтеу. Әкенің мінез-құлқы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әкем Ержан Дәненұлы құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан. Шешенің бала алдындағы борышын санасақ сан жетпейді. Денсаулығын, күш-қуатын жұмсап, 9 ай жүрегінің астында ұстап, өмірге әкелген, ақ сүтімен дені сау, тәрбиелі, әдепті етіп өсірген анам Сәуле Мартбекқызы жеке кәсіпкер.

—Дода жеңімпазы өзінің жетістікке жету жолындағы бастан кешкендері мен спорттың басты құндылығы мен жастарды спортқа баулудың маңыздылығы туралы тағы не айтады ?

—Белдесулер туралы айтуға болады. 2017 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы, қалалық мәслихаттың депутаты, қазақ күресінен спорт шебері Ерқанат Рақымұлы Тәңірбергеновты еске алуға арналған қазақ күресінен 1999 – 2001 туған жасөспірімдер арасында өткен «Тайқазан» турнирінде қола медалді жеңіп алдым. Осы додада қарсыласым, жас спортшы Бейбарыс Әбдіғалиға ұпай жіберіп қойдым.

2017 жылы 24 тамыз күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Машбек ауылында «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 23 жасқа дейін жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, жарақаттануына байланысты 3 орынды қанағат тұттым. Ел чемпионатында Қарағанды облысының балуандары жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.

Араға жыл салып Қостанайда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысынан қатысқан палуандар арасынан үздік үштікке іліндім.

Қазақ күресінен ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін

өтетін Республикалық турнирге алдымен, аудан, қалалардың балуандары қатарлы іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жауырыным жерге тимей, «Сарыарқа Барысы» облыстық турнирінде жеңімпаз атандым. Осы додада Бекзат Ахметбеков және Ерсін Мұхаметжанов «Қазақстан Барысы – 2019» сайысында Қарағанды облысының намысын қорғауға жолдама алды.

Бүгінгі таңда ҚР Қазақ күресі федерациясының құрамасы мүшелігіне қабылдандым.

Жарыстың бас төрешісі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапар Рауанов Қарағанды облысы құрамасының озық палуаны Сержан Бейсенбаевқа оң бағасын беріпті.

  • Менің мақсатым — қазақ күресін Республика мектептеріне пән ретінде енгізу, ұлттық күресті жаңа  деңгейге көтере отырып оны шетелде танымал ету, дейді – «Сарыарқа Барысы».

Әңгімелескен, Сержан Смаханұлы

Р.s

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін мерекелеуге орай онлайн режимде Осакаров ауданы әкімінің «Жас сұңқар – 2020» Жастар сыйлығын тапсыру рәсімінде қазақ күресінен республикалық чемпионаттардың жүлдегері Бейсенбаев Сержан Ержанұлына «Жылдың жас спортшысы» номинациясы табыс етілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған