Қоғамның негізгі өзегі – жастар

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Осакаров ауданы әкімінің «Жас сұңқар-2020» сыйақысын табысталды.  Жылды қорытындылап, өз саласының үздіктерін ұлықтау дәстүрге айналды.

Биыл  «Жас сұңқар-2020» премиясына 11 номинация бойынша 12 қатысушы лайықты деп танылды. Марапттау рәсімі Zoom конференциясы арқылы өтті. Онлайн шараға аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері, ауданымыздың жастары қатысты.

Алма Қабыкенқызы жиынға қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жастар – еліміздің болашағы, ауданымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген білікті жас мамандар жыл сайын артып келеді,- деді.  – Жетістікке жету жолында жастар қозғаушы күші ретінде танылады. Олар – еліміздің дамуының негізі. Бәсекеге қабілетті жастардың білім мен білік сапасы, ұмтылысы мен ынтасы өркениетіміздің кепілі,- дедә аудан әкімінің орынбасары.

Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады»,-деген. Биылғы жыл қорыта келе, үздік шыққан жастар келесі номинациялар бойынша ұлықталды.

«Жылдың жас спортшысы» номинациясы бойынша республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері – Бейсенбаев Сержан Ержанұлы үздік деп танылды. Қарағанды Экономикалық Университетінің 4 курс студенті. Қазақша күрес бойынша 100 + салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген Сержанның қанжығасында бірінші, екінші орындар.

Өз кәсібін нәсіп етіп, тұрғындардың сұранысына орай қол жетімді деңгейде адал қызмет көрсетіп жүрген жас кәсіпкер Аманбала Сержан –  «Жылдың жас кәсіпкері» атанды. 2019 жылы аудан әкімінің грантын ұтып алып, ауданда алғашқы «Кинг Фуд» жедел тамақтану кафесін ашты.

«Жылдың жас педагогы» номинациясын Ақбұлақ ауылының № 28 ОМ тарих пәнінің мұғалімі Балиева Жанна Ахатовна жеңіп алды. Жұмыс барысында өзін тәжірибелі, белсенді мұғалім ретінде көрсеткен жас педагог білім деңгейін үнемі арттырып отырады. Оның оқушылары әр түрлі деңгейдегі олимпиадаларда 1-2 орын иегерлері. Жанна Ахатовна жаңа инновацияның нәтижелерін енгізу және анықтау процестерін жақсы біледі және оның нәтижесін көрсете алды.

«Денсаулық сақтау саласының жас қызметкері» номинациясы бойынша Чу Екатерина Глебовна ұлықталды.  Өзінің еңбек жолын 2015 жылы бастаған дәрігер Садовое ауылының дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істейді. Кәсіби біліктілік деңгейін үнемі арттырып жүрген ақ халатты жан өзін сауатты, еңбекқор дәрігер ретінде көрсете білді.

Кенттегі мәдениет үйінің бұқаралық іс-шаралардың режиссері қызметін атқарып жүрген  Багдатова Толғанай Төлеубековна Қарағанды облыстық Дельфийлік ойындарының дипломымен, «Вальс снежинок» халықаралық фестивалінде гран-примен жеңімпазы. Жас болғанына қарамастан, өз ісін білетін маман ретінде көрсете алған Толғанай «Жас мәдениет қызметкері» номинациясына таңдалып алынды.

– «Жылдың жас қорғаушысы» номинациясына Ғалым Дәурен Еркінұлы лайық деп танылды. Ол Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап қызмет етеді. Бүгінде полиция лейтенанты, Озерный және Ералы ауылдарының учаскелік полиция инспекторы. Ғалым Дәурен Осакаров ауданы ІІБ 2015 жылғы үздік қызметкері, облыстық ІІД генерал-майорының Грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған.

Комиссия мүшелері «Жылдың жоғары сынып оқушысы» номинациясына екі оқушы лайық деп шешті. Осакаровка кентінің №12 ОМ 11-сынып оқушысы. «Алтын белгі» үміткері Алимбаева Алина Сериковна.  Бірнеше тілді меңгеріп,  ойшыл ғұлама Әл-Фарабидің философиясын зерттеп жүрген Алина түрлі деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегері, ғылым саласында көптеген Дипломдар мен Грамоталардың иегері.

Баязитов Алдияр Баязитович – Мирный ауылының № 20 ОМ 8-сынып оқушысы. Барлық мектеп іс-шараларының, аудандық және облыстық конкурстарға белсене қатысып, жұлделерге ие болған оқушы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті түсуді армандайды. Жоғары білім алып, өз ауылына келіп ұстаздық етуді мақсат еткен талапты жас.

«Мемлекеттік тіл –болашағым» номинациясы бойынша Осакаровка кенті №1 ОМ оқушысы Макелько Екатерина Андреевна марапатталды. Республикалық конкурстардың жеңімпазы, аудандық олимпиадада қазақ тілінен 1 орын,  «Жас ғалымдар» байқауында 2 орын Дипломы табысталса, «Мәнерлеп оқудан» 1 орын иегері.

«Жылдың жас көшбасшысы» номинациясына 1 дәрежелі «Эстрадалық вокал» лауреаты, «Мектеп-интернат-колледжі» КММ тәрбиеленушісі Клименко Антон Антонович  ұсынылды. Әртүрлі деңгейдегі конкурстарда актерлік қабілеті Грамоталармен марапатталған жеткіншек жан-жақты тұлға болып тәрбиеленуде.

«Үздік волонтер» номинациясында Батыр Нұрсұлтан  ұлықталды. «SARYBEL ERIKTILERI» ҚБ мүшесі, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын ерікті барлық акцияларға белсенді қатысады.

Сонымен қатар «Жылдың жас мемлекеттік қызметшісі» номинациясы бойынша Маринин Роман Евгеньевич жеңіп алды. «Осакаров ауданының экономика,коммуналдық меншік және Мемлекеттік сатып алу секторының» бас маманы ұжымда құрметке ие, өзін еңбекқор, бастамашыл және жауапты қызметкер ретінде көрсетті.

Осылайша, «Жас сұңқар-2020» сыйлығының иегерлері онлайн марапатталып, Сұңқар мүсіні мен 50 мың теңге сертификат берілді.

Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған