Nur Otan Қарағанды филиалында Мәжіліс депутаттарын сайлауға партиялық тізімге кандидаттар таңдалды

Қарағандыда Nur Otan партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға кандидатуралар белгілі болды. Пікірсайыс пен дауыс беру қорытындысы бойынша партияның XX съезіне өңірден ұсынылған партиялық тізімге алты адам енді. Сондай-ақ, облыстық мәслихатқа сайлауға Nur Otan партиясының тізімі қалыптастырылды.

Үміткерлерді Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясының делегаттары бекітті.

– Біз праймериздердің бірінші кезеңін сәтті өткіздік. Облыс бойынша барлығы 857 кандидат тіркеліп, 730-ы қатысты, олардың 61%-ы өзін-өзі ұсынушылар және 39%-ы бастауыш партия ұйымдарынан. Үміткерлер арасында әйелдер – 32%, 35 жасқа дейінгі жастар – 26%. Барлығы 54 мыңнан астам адамды қамтыған 1 350-ден астам іс-шара, 116 пікірталас өткізілді. Праймериздегі онлайн-дауыс беруге 50 мың партия мүшесі қатысты, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Конференция барысында мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында дебаттар өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Екінші, пікірталас раундында бір-біріне сұрақтар қойылды.

Пікірталастан кейін дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтті. Нәтижесінде 12 үміткерден 6 үміткер таңдалды.

Ең көп дауыс жинаған: ҚР Парламенті Мәжілісінің қазіргі депутаты Гүлнар Бижанова; Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы; ғалым-филолог, суырып салма ақын Аманжол Әлтаев; Nur Otan партиясының Қарағанды қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадина; «Nova Цинк» ЖШС Бас директоры Сүйіндік Асан; «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин.

Конференция шешімімен Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына сайлау үшін партиялық тізім бекітілді. Оған ең жоғары рейтингі бар праймеризге қатысушылардың ішінен 57 адам кірді. Құрамы айтарлықтай жаңартылды, кандидаттардың орташа жасы жасарды.

Партия мүшелері аймақтық сайлауалды бағдарламасын бекітті. Оның негізіне Елбасының Бес институционалдық реформасы, Мемлекет басшысының «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» Жолдауы және Қарағанды облысының даму бағдарламасы кірді. Бағдарлама ашық қол жетімді болды, әр тұрғын онымен танысып, өз ұсыныстарын бере алды.

– Талқылау қорытындысы бойынша 1 553 аманат келіп түсті, олар бағдарламада ескерілген. Жеті басымдық бойынша ТОП-6 мәселе анықталып, оларды шешу жолдары белгіленді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Конференцияда сондай-ақ Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезіне делегаттар сайланды.

Конференция санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды міндетті түрде сақтай отырып өтті. Делегаттар әртүрлі залдарда болды, олардың арасында онлайн-байланыс ұйымдастырылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған