«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөнделеді

Осы жылдың соңына дейін Қарағанды – Балқаш жаңа жолы пайдалануға беріледі. Мердігерлер кедергісіз жол жүру сол уақытта мүмкін болады деп уәде беріп отыр. Аталмыш учаскені абаттандыруға келесі жылы кірісу жоспарлануда. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды–Балқаш республикалық трассасының және Солтүстік–Шығыс айналма жолының құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Қазір Қарағанды-Балқаш учаскесіндегі жөндеу жұмыстарына 900-ге жуық техника мен 1 800 адам жұмылдырылған. Осы жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары карантин салдарынан жоспарланған кестеден кешіктіріліп басталды.

– Мердігерлермен жазғы кезеңде сапаға нұқсан келтірместен жұмысты қарқындату жөнінде келістік. Бұл келер жылы Солтүстік аймақтардағы азаматтардың жаңа жол бойымен жайлы жүруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде Балқаш көліне туристердің ағымын ұлғайтуға жағымды әсер етуі тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысының әкімі сондай-ақ, Балқаш қаласынан Алматы қаласына қарай Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жол құрылысы жүргізіліп жатқанын, бұл уақыт өте келе туристік ағындарға әсер етуі тиіс екенін атап өтті.
Өңір басшысы Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы қалай жүріп жатқанын бақылап қайтты. Ұзындығы 48 шақырымнан асатын жаңа жол Қарағандыны айналып өтеді. Төрт жолақты трассаны өткен жылы төсей бастаған болатын. Биылғы жылы бес көпір өткелдерін тұрғызу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте құрылысшылар жол белгілерін салу, қоршаулар жасау және жарық шамдарын орнатумен айналысуда. Осыған қарамастан аталмыш трассада көлік қозғалысы әлбетте басталып кеткен.

– Біз бұл жолды 93%-ға аяқтадық. Енді оны абаттандыру ғана қалды. Маусым айында толық тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Сине Мидас Строй» ЖШС жол компаниясының өкілі Али Четкин.

Биылғы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысында жол-құрылыс жұмыстары 800 шақырымнан астам жолда жүргізіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған