Мың да бір алғыс, ардагер

Алматы теміржол техникумының студенті Николай Иосифович Медведев  1941 жылдың тамыз айында өзінің курстастарымен бірге әскери қызметке шақырылды. 98 атқыштар полкінде оқу-жаттығудан өткен соң, 173 атқыштар дивизиясы құрамында Дон майданы жағына қарай жылжи бастады. Мұнда шілде айының ортасынан басталған қанды шайқаста Николай Иосифович жараланды.

Сталинградты толықтай қорғап, жаудың өтуіне мүмкіндік бермеген жауынгерлер қиын сұрапыл шайқастарда жеңіске жетіп қана қоймай, өлмес даңққа ие болды.

Н.И. Медведев одан әрі жауынгерлік жолын  ұшқыш, артиллерист, танкист, шекарашылар қалыптасқан 390 атқыштар полкінің резервтік бөлігінде жалғастырды. Кейін ол Рокоссовскийдің штабын күзету міндеттелген Курск доғасындағы 157 шекара полкіне ауыстырылды.  Жауынгерлік операцияларды жүргізіп, қаланы жаудан босатып, жанқиярлықпен күрес жүргізген Николай Медведев жаңадан құрылған 219 шекара полкімен Польшаға жетіп, байланысшы мамандығын игеріп, ол заставада радио операторы қызметін жалғастырды.

Николай Иосифович сарбаздарымен бірге Берлиннің жанында орналасқан Гюстревте жеңісті қарсы алып, 1945 жылдың қараша айына дейін басқыншы күштер қатарында болды.

Даңқты жауынгер, бейбіт өмірде де өз елі мен халқының игілігі үшін жұмыс істеген Николай Иосифович бүгінде 98 жасқа толып отыр. Кейінгі ұрпақтың жарқын болашағын қорғап қалған ардагерге мың да бір алғыс айта отырып, деніңізге саулық тілейміз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған