Өмірін өнерге арнаған жан

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Осакаров ауданының Құрметті азаматы Владимир Николаевич Кошевец 70 жасқа толды.

Аудандық мәслихат хатшысы Қанат Саққұлақов аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан Владимир Николаевичті мерейтойымен арнайы барып құттықтады.  Құрмет ретінде мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетіп, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті.

Владимир Николаевич еңбек жолын, бар өмірін мәдениет саласына арнап, адалдығымен, жүрегінің кеңдігімен, талантымен көпшілікке танымал жан. Сахнаға шыққанда өзге дүниені ұмытып, жан-дүниесімен беріле айтқан әндерімен халық жүрегінен орын тапқан әнші. Көп жылдардан бері мәдениет саласындағы қызметті абыроймен атқарып, сан қырлы талантымен шынайы құрметке бөленген, нағыз өз ісінің майталманы, мәдениет жанашыры Владимир Кошевец – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағының,  КСРО «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісінің, тағы басқа көптеген марапаттаулардың иесі, Осакаров ауданының Құрметті азаматы. Бүгінде «Рябина» этно-мәдени бірлестігінің өкілі, түрлі шараларда әндерімен тәнті қылуда.

Айналасын думанға бөлей білетін, көпшілікке кеңінен танымал өнерлі жанға мықты денсаулық, әулетіне амандық тілеген қонақтарға, өз кезегінде мерейтой иесі де алғысын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Өз әндерімен тыңдармандарының жүрегін жаулаған дара тұлғаға жұрттың ілтипаты қашан да бөлек.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған