«Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық шарасы

   

–Біз ел басына күн туғанда асарлатып, жылу жинап, қайырымдылық ісінде шет қалмаған халықпыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қоры «Өмірге үміт сыйла» атты акциясын ұйымдастырып, жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен 255 дана оттегі желдеткішін еліміздегі ауруханаларға жеткізді. Діни басқарманың мұрындық болуымен 200 000-нан астам отбасыларға азық-түлік, 42 000-нан астам медициналық бетперделер таратылды, – деген болатын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.

Міне осы игілікті қайырымдылық шарасында 30 литрлік 20 дана оттегі концентраторы шетелден арнайы тапсырыспен алынып, Осакаровка кентіндегі орталық ауруханасына үлестірілді. Сонымен қатар Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Қазкенұлының ұйытқы болуымен ауруханаға 10 термометр, 10  дана пульсоксиметр  берілді.

  • Осы уақытқа дейін аудандық мешіті жамағаты мен облыстық «Зекет» қоры өкілдігінің ұйытқы болуымен індет кесірінен ауруханаларда жатқан науқастардың дәрі-дәрмектеріне қаржылай және өзге де қажеттіліктеріне сәйкес көмектер берілді. Одан бөлек тұрмысы төмен әулеттерге азық түлік қоржынын үлестірдік, – дейді ауданның бас имамы Жоламан Яхияев.

Осындай қайырымдылық шаралары облысымыздың Нұра, Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандарында да ұйымдастырылғанын Қарағанды облыстық Әнет баба мешітінің 1 – ші наиб имамы Құмар Қоныскерей мәлімдеді.

ҚМДБ «Зекет» қорының бастамасымен қолға алынған «Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық шарасы өкілдерін аудандық аурухана директорының орынбасары Юлия Букхамер күтіп алып, игі шараның басы-қасында жүріп, қол ұшып беріп, үлес қосқан қайырымды жандарға,  Қарағанды облыстық корпоративтік «Зекет қоры» өкілі Мұхит Жәрімбетовке, осындай игі шараға ұйытқы болған аудан жамағаттарына шексіз алғысын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған