«Міне, біз бұған қол жеткіздік!» – ғарышқа қазақстандықтың алғаш ұшуы

1990 жылдардың басы қиын да күрделі кезең болды. Қайта құру енді аяқталған, бірақ ешкім болашақ өмірде не болатынын әлі түсіне қоймаған бұлыңғыр уақыт еді. Тап осындай кезде Қазақстанға өзін басқалардан ерекшелеп, табысқа жеткізер бір сәтті ұстап, пайда болған мүмкіндіктерден айырылып қалмау керек болды. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс бағытты таңдады. КСРО әлі құлаған жоқ, бірақ республикалар өздерінің егемендіктерін жариялай бастаған, сондықтан да дұрыс және шұғыл шешім қабылдау қажет болды. Елбасы Қазақстан аумағында орналасқандардың барлығы, соның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы да қазақстандық болатынын дер кезінде мәлімдеді. Еліміздің тұңғыш қазақстандық ғарышкерді ғарышқа жіберуге ниетті екендігі туралы да сол кезде мәлімдеме жасалды.
Шынымды айтсам, Нұрсұлтан Әбішұлы ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ мен болатынымды жариялаған кезде қатты таңқалдым. Бұл жаңалықты мен отбасыммен бірге шаңғымен сырғанап жүріп, Шымбұлақта естідім. Мен шұғыл түрде таудан түсіп, Мемлекет басшысының резиденциясына, Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауына келдім. Менің алғашқы сөздерім де алда болатын ұшу туралы неге маған ескертілмегеніне байланысты таңдану мен түсінбеушіліктен тұрғаны есімде. Елбасы: «Тоқтар, бұл маған емес, бұл біздің халыққа керек. Халқымыз мұны 30 жылдан бері күтіп келеді», – деді. Сол сәтте мен оны сілтідей тынып тыңдап, жалғыз ғана: «Қашан?» деген сұрақ қойдым. Ол: «Бүгін кешке кездесеміз және саған Қазақстаннан кандидат болатыныңды ресми түрде жариялайды», – деп жауап берді. Елбасы: «Тоқтар, бұл маған емес, бұл біздің халыққа керек. Халқымыз мұны 30 жылдан бері күтіп келеді», – деді. Бірақ енді мәселе күрделене түсті – медициналық комиссиядан өту керек болды, ал бұл оңай шаруа емес. Тіпті мыңдаған тілек білдірушілердің ешқайсысы да өтпеген жайлар болған. Менің бақытыма қарай, көптеген жас жігіттерден мен және тағы бір аға лейтенант өтті. Келесі кезең Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығындағы жаттығулар болды. Шыны керек, жергілікті мамандар мен Кеңес Одағының Батыры болсам да, ұшақтардың 50-ден астам түрін сынақтан өткізсем де, Солтүстік полюске қонбай ұшып жетсем де маған күмәнмен, менсініңкіремей қарады. Нұрсұлтан Назарбаевпен кезекті кездесуде мен осы ойларыммен бөлістім. Елбасы менің ұшуыма жауапты жоғары лауазымды шенеунікті шақырып алды да: «Егер кімде-кім тұңғыш қазақстандық ғарышкердің ұшуына кедергі келтіретін болса, Байқоңыр ғарыш айлағы жабылады», – деп мәлімдеді. Бұл сөздердің шенеунікке қатты әсер еткені байқалды – жүзінен үрей көрініп, ол: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сізге уәде беремін, ол қазан айында ұшады», – деді. 1991 жылдың екінші қазанына қарай Талғат Мұсабаев екеумізді ұшуға даярлай бастады. Әріптесімнің бойынан оқып, үйренуғе деген құлшынысты көрдім, ол – өте мақсаткер адам. Сол кезде: «Менің орныма оның ұшқаны жақсы ғой», – деп ойлағаным рас.
Мен бұл туралы командиріме айттым, бірақ сөздерім жоғарғы жаққа тез жетеді деп ойламаппын. Бұл туралы Ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығы генерал-лейтенант Владимир Александрович Шаталов біліпті. Ол мені өзіне шақырып алып: «Халқың тап сенің ұшқаныңды күтіп отыр. Маған сеніңіз, солай болуы керек», – деді. Мен бәрін де түсіндім, сөйтіп біз дайындықты әрі қарай жалғастырдық. Нұрсұлтан Әбішұлы маған әрдайым мәселенің түптамырына үңіліп, әрқашан қажет деген нәрсені жасайтынымен ұнайды. Ұшардың алдында біз онымен тағы да сөйлесіп, мен оған тікесінен: «Мен ғарышқа қарапайым жолаушы болып ұшқым келмейді. Бізге нақты ғылыми бағдарлама қажет», – дедім. Ол бұйрық берді де, біз Қазақстан Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинмен кездестік. Сөйтсем, Қазақстанның ғарыш бағдарламасы көп жылдар бойы дайындалып жатыр екен. Мен орбитаға осы бағдарламамен ұшып шықтым. Ол бағдарламаның ауқымды болғаны соншалық, онымен менен кейін ұшқан ресейліктер де жұмыс істеді. 1991 жылдың екінші қазанында старт берілді, бізге ешкім кедергі жасаған жоқ, бәрі де ойдағыдай өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы ғарыш айлағына ұшып келіп, әріптестерін шақырды. Мені жеті президент пен Австрияның канцлері шығарып салды. Менің ойымша, бұл басқарылатын ғарыш кемесін ұшыру тарихындағы ең ерекше шығарып салу болды, ғарышқа ұшу алдында мұнша көп президент ешқашан болған емес. Мен осындай бақытты мүмкіндік үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өте ризамын. Ғарыштан оралғаннан кейін бізді отбасыларымызбен бірге президент кабинетіне шақырды. Нұрсұлтан Әбішұлы қуана қарсы алып, мені құшақтап: «Тоқтар, рахмет саған. Құттықтаймын сені, сен өз миссияңды лайықты орындап шықтың. Халқымыздың сені қалай мақтан ететінін өзің көрдің ғой. Сен өзі халықпен кездесіп пе едің? Мен сенің халықпен кездесуіңді ұйымдастырамын», – деді. Ол шынымен де бұл кездесуді ұйымдастырды. Мен көлікпен Алматыдан Жамбылға дейін, Жамбылдан Шымкентке дейін жүріп өттім. Және жолда, мың шақырымдық жол бойында адамдар маған қуана қарап, алақайлап, қол шапалақтап тұрды. Мен содан бері тап осынша көп адамды көрген емеспін. Мен бір жағынан, жұртты әбігерге салдым деп ыңғайсыздандым, ал екінші жағынан, «Міне, біз бұған қол жеткіздік!» деп бойын асқақ ұстаған халқым үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.