Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыс бюджетінде миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған

Қарағанды облысының әкімдігінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты және төтенше жағдай кезінде көмек көрсету туралы айтылды. Карантин жағдайында кездесу жаңа форматта – Zoom платформасы арқылы онлайн режимде өтті.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жүргізді. Қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Сонымен қатар байланыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғам өкілдері болды.

– Қарағанды облысында бүгінде 67 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Оларды әлеуметтік қолдауға облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру 20% артты, – деді Абзал Нүкенов. – Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемалары туралы жеке өздеріңізден біліп, оларды шешу жолдарын бірге табу үшін сіздермен үнемі кездесіп отырамыз. Бүгінгі кездесуді интернет-платформа арқылы өткіземіз. ТЖ режиміне байланысты мемлекет қолдауына қатысты көптеген мәселелер туындады. Біз ешкімді мәселелерін шешпестен, назарсыз қалдырмаймыз.

Онлайн-кездесудің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың ТЖ кезеңінде алатын әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары төңірегінде болды.

70 мыңнан астам қарағандылықтарға сәуір айында азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтарға қаражат аударылады, деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары. Осы аптаның соңына дейін алушылардың жеке шоттарына барлық төлемдер түсуі тиіс.
100 мыңнан астам адам карантин кезінде коммуналдық қызмет шығындарын өтеу тізіміне енді. Олардың қатарында бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Қарағанды облысының 250 мың тұрғыны 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар бар, деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова оңалту құралдарын беру туралы айтып берді. Оның айтуынша, мүгедектер арбасын сатып алуға конкурс өтті, оны жеткізу маусым айынан басталады. Техникалық және тифлоқұралдар мамыр-маусым айларында түседі.

Сонымен қатар кездесу барысында инватакси қызметі, карантин кезінде ымдау тілі мамандарының қызметтері бойынша сұрақтар қойылды. Олар бойынша шаралар қабылдануы тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған