Үлкен жүрек иесі

Дәрігер – мамандықтардың ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Бұл мамандықтың қыр-сырын анық біліп, сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Дәрігерге дүниедегі ең қымбат нәрсе — адамның өмірі мен денсаулығы сеніп тапсырылады. Мейірімділікпен, ізгілікпен, жігерлілікпен өзінің бар білім мен іскерлігін сол науқас үшін сарп ететін дәрігер — нағыз дәрігер. Нағыз дәрігер, үлкен жүрек иесі Ілияс Дюсембин жетпіс жасқа келді.

Дюсембин Ілияс Жетпісбайұлы 11 қарашада 1951 жылы Қостанай облысының Боровской ауданының Қаратал совхозында дүниеге келген. Әскери міндетін өтеп келген жас Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, 80 жылдары аяқтаған. Әрбір жанның өмірі бұрылыстар мен құбылыстардан,  сан талай сынақтардан тұрады. Өмірін ақ халатпен тығыз байланыстырып, бұл мамандыққа келуіне не түрткі болды екен?- деген қарапайым сұрақ ойға келеді.

Ілияс ағай алты жасында әкесінен айырылып, сол кезде дәрігерлікке оқып жүрген ағасы оқуын тастап, өзінің үлкен дәрігер болам деген арманынан бас тартып, отбасының жағдайын жасау үшін жұмысқа араласады. Бауырларына әке орнына әке болып, қанатының астына алады. Ілияс ержеткен соң, ағасының үзілген арманын жалғап, ағаларының қолдауымен медицина институтына түседі. Оқып жүргенде болашақ жары, әріптесі Гульнар апайды кездестіріп, отау құрады. Дәрігер дипломыналған Ілияс Жетпісбайұлы Торғай облысына жолдама арқылы жұбайы окулист, өзі терапевт болып жұмысқа аттанады. Тасты талды ауылында жас мамандарға пәтер, кейіннен жеке үй береді. Онда жаңа аурухана салынып, терапия бөлімін басқарды.

Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жаныңа батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Тәжірибе жүзінде жинақталатын білім мен біліктіліктен, үнемі ізденістен тұратын мамандық иесі Тасты талды ауылында бар ынта ықыласыңды салып 17 жыл еңбек етті. 1997 жылы Осакаровка ауданына көшіп келген дәрігерлер отбасы аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты.

Денсаулық – ең қымбат байлық. Егер алдыңа келген науқасқа жаныңды салып қарамасаң, оның психологисын білуге зер салмасаң халық денсаулығын жақсарту жолында еткен еңбегің еш кетеді. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман адам өмірінің арашасы екендігін білуге тиіс. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – І. Дюсембинге тән қасиет. Өз саласының қыр-сырын жете меңгерген қарапайым, мейірімді, еңбекқор азамат 2014 жылы зейнетке шықты.

Ілекеңнің жары Гүлнар апайдан марапаттары жайлы сұрағанымда, «Бір үйден екі дәрігер болған соң, біріеуін ғана марапаттайық деген шығар. Ол кісі қарапайымдылығымен қоса, бірбеткей мінезі де жоқ емес, тік кететіні де бар. Әлде мінезінің тіктігімен, айтқанынан қайтпайтын қырсықтығы әсер етті ме екен. Әйтеуір Ілекеңді марапттамады»,-  деп күлді.

Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ілекең өз мамандығын сүйіп істеді.  Жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ шығар. Ілияс Жетпісбайұлы үшін ең басты марапат – елдің алғысы, сыйластығы.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.