Кәсіпкерлік үшін аудан әкімінің гранты берілді

Жұма күні аудан әкімі Нұркен Кобжанов Zoom платформасы арқылы онлайн режимде аудан әкімінің грантын жеңіп алған жас кәсіпкерлерді ұлықтады.

Осакаров ауданында биыл 8 жасқа «Осакаров ауданы әкімінің ауылдағы жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранты» берілсе, облыс әкімінің грантын үш жас кәсіпкер жеңіп алды.

Облыс әкімнің арнайы қайтарымсыз милллион теңгелік грантын алған ауыл кәсіпкерлері қатарында біздің жерлестеріміз де бар.  Айдархан Рахымжанов ұлттық ағаш ыдыс өндірісі жобасы қорғаса, Олег Зализняк брусчатка және тротуар плиталарын өндіру бойынша кәсіпорын құруды және дамытуды көздеген, ал Сабина Жанабай монша кешенінде сұлулық салонының ашу жобасымен грант жеңімпазы атанды.

Аудандық комиссия мүшелерінің шешімімен 500 000 теңге көлеміндегі грантты Осакаровка кентінің тұрғыны Махаббат Есжанованың торт, нан-тоқаш өнімдерін пісіретін кондитерлік өндіріс жобасына, Ақбұлақ ауылынан Сайрангүл Құрметханның тігін шеберханасы жобасына, Мирное ауылының тұрғыны  Александра Странаның сұлулық салонының ашылуына, Молодежный кентіндегі «фотосалон» бизнесін кеңейту үшін Фарида Барлыбаеваға бөлінді. Ал 600 мың теңге грант иегерлері – қарағайлылық Нұрбол Жұлдыз  шаштараз ашпақшы болса, Молодежный кентінің азаматы Александр Волков Кибер-спорт алаңын ұйымдастырмақшы. Осакаровка кентінде жиһазды қалпына келтірумен айналысам деген Ауған Құттбай 800 000 теңге, 1 млн. теңге грантын Сарыөзек ауылында монша кешенін ашуды жоспарлаған Тойлат Даурет ие болды.

Онлайн шарада аудан басшысы өз бизнес жобасын қорғап, оны ашуға қайтарымсыз грантты жеңіп алған жастарды жеңісімен құттықтады.

  • Мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, тәуелсіздігімізді баянды етер жастардың құлшынысы жоғары бағаланады. Жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекетіміздің басым міндеті жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру болып табылады,- деді Нұркен Сайфиддинұлы өз сөзінде.

Бейне кездесуде Осакаровка кентінде «King Foods» фаст фуд жылдам тамақтану дәмханасын ашып, өз бизнесін дамытып отырған өткен жылғы грант иегері Сержан Аманбала жас кәсіпкерлердің қадамына сәттілік тіледі.

Былтыр «Осакаров ауданы әкімінің гранты» байқауына ауылдағы жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға жергілікті бюджеттен 3 млн. теңге бөлінсе, биыл 5 млн. теңге бөлінген. Келесі жылы грант сомасын ұлғайту жоспарлануда.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған