Халқына жақын азамат

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығы зор екенін айтқан болатын. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», – деді Президент.

Тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, талап-тілектерінің орындалуы мен ауылдың өркендеуі жолына адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бірі – Озерный ауылдық округінің әкімі Арман Қаспақов.

Мемлекеттік қызметкердің еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Адамгершілікті, патриоттық сезімді ұштастырып жүрген Арман Қаспақов еңбек жолын «Қуаш» Өндірістік фирмасында 3 разрядты машинист болып бастап, «Нетраи» ЖШС қауіпсіздік қызметінің Күзет бастығы қызметін атқарды. 1994-1998 жылдар аралығында Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де білім алып, тарихшы мамандығын алып шығып, Нұра ауданы, Майоровка ауылында тарих пәнінің мұғалімі, «Қазақстан құбыр оқшаулау зауытында әр түрлі жұмысшы, құюшы-оператор болып жұмыс істеген.  2012 жылдың мамыр айынан 2017 жылдың сәуір айына дейін Осакаров ауданының тарихи-өлкетану мұражайында директоры болды. 2017 жылдың мамыр айынан бастап Озерный ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып отыр.

Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін сақтап, береке-бірлігін жарасымды ету әкімге байланысты. Озерный және Ералы ауылдары кіретін округті басқарып отырған Арман Төлегенұлы Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, бағдарлама аясында ауылдың дамуына бағытталған ісшаралар жоспарын жасап, кезең-кезеңімен ауыл тұрғындарымен бірлесе жүзеге асырып отыр. Ол уақыт талабы бойынша шағын және орта кәсіпті дамытуға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін үнемі назарда ұстайды.

Ауылдағы кәсіпкерлер мен аға буын азаматтарды ұйымдастыра отырып, әлеуметтік жағынан қорғалмаған және күнкөрісі төмен отбасыларына қайырымдылық ісшараларын үнемі ұйымдастырып отырған әкім жұмыспен қамтуға да әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарды көптеп тартуға күш салуда. Ауыл тыныштығын сақтау мақсатында ауылдық округте құқық бұзушылықтың, қылмыстың және басқалай жемқорлықтың алдын алу бағытында құзырлы орындармен бірлескен шараларды үйлестіріп,  округтің санитарлық тазалығы мен жарығын, ауыз суды үнемі бақылауда ұстап, көгалдандыру мен абаттандыру бойынша жұмыс жасап отырған азамат. Сондай-ақ Осакаровка – Озерный автожолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Озерное ауылында ФАП құрылысы жоспарланып отыр.

Балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына көңіл бөліп,  бүлдіршіндердің барынша мектепке дейінгі біліммен қамтылуын және ауыл мектебінің жай-күйін назардан тыс қалдырған емес. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша №13 орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім ошағының шатыры жаңартылып жатыр.

Мемлекеттік қызметкер – бұл мемлекетіміздің бейнесі. Еліміздің өсіп өркендеуі оның жұмысының нәтижесі.  Мемлекеттік қызметкер деген абыройлы атаққа лайықты азамат ауылдың гүлденуін басты мақсат етіп отыр. Күндіз – түні ат үстінде жүрген жолдасына қолдау көрсетіп, жұмысына түсіністікпен қарап отырған жұбайы –  Гульдина Хайратовна Осакаровка кентінің №1 ОМ мұғалімі, екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Жұбайының сүйеніші, балаларының мақтанышы Арман Төлегенұлының отбасына береке, мәртебелі ісіне табыс тілейміз!

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған