«Хакім Абай атындағы ақын-жыраулар» сыныбы

Қазақ халқының ұлы ақыны, əдеби тілінің негізін салушы, аудармашы, сазгер, дара тұлға Абай Құнанбайұлының кешегі өзі өмір сүрген заманында айтқан азаматтық ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Ақын шығармалары – оның қазақ əдебиеті тарихында ерекше орны бар классик ақын екендігін дəлелдейді. М.Əуезов Абайды «Қазақтың классик əдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» деп атауы да жайдан жай емес. Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. «Ұлының ұлылығы ұмытылмайды» демекші, дана Абайды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
2020 жылдың қыркүйек айында Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Осакаровка кентінің №1 орта мектебінің базасындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы) КММ-де «Хакім Абай атындағы ақын-жыраулар» сыныбы ашылды. «Хакім Абай атындағы ақын-жыраулар» сыныбының ашылу салтанатына ауданымызға арнайы келген қонақтар -«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Жұмағұлов Айтбай Ботпайұлы; ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар, халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері ақын Дəулеткерей Кəпұлы; Қазақстан Респубикасының Мəдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Дəстүрлі əн» кафедрасы ұстазы, жыршы Шалдыбеков Ерболат, жыршы-жырау, айтыстың ақтаңгері Қами Дидар Жанатұлы қатысып, ізгі тілектерін арнады.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ашылған Абай кабинеті ақынның адами, рухани, жалпы адамзаттық құндылықтарын түсіну, оны насихаттау, оқушы игілігіне асыру жəне жас ұрпақты осы тұрғыда тəрбиелеу мақсатын ұстанады. Қазіргі таңда аталмыш кабинетте Абайдың дүниетанымынан сыр шертетін кітаптар қоры жинақталып, интернет желісіне қосылған интерактивті тақтаның көмегімен балалар Абай мұрасын терең зерттей алады. Барлық шығармалары, өлеңдері электронды түрде қолжетімді. Сонымен қатар, кабинет қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің бастамасымен, көрнекі ақпарат құралдарымен, мазмұнды стендтермен безендірілді. Ұлы ақынның шежірелік ғұмырын қамтитын «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы!» тақырыбында стенд әзірленді және ақынның шығармаларын штрих-код арқылы оқу мүмкіндігі қарастырылды.
Абай кабинеті шəкірттерді ұлы ақынның өнегелі өмірімен, ақынның даналығымен, рухани асыл мұраларымен таныстырады. Ұлы Абайдың мағналы ғұмырын насихаттап, өлеңдерін, əндерін мəнерлеп айтқызып, оқушыларды көркем сөйлеуге баулып келеді.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мектебімізде ашылған «Хакім Абай атындағы ақын-жыраулар» сыныбының болашағы зор.

Жанар Қуанышқызы,
«Осакаровка кентінің №1 орта мектебінің базасындағы тірек
мектебі (ресурстық орталығы) КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.