Ерлік өшпейді

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай 9 мамыр күні Осакаров ауданының әкімі Нұркен Кобжанов соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтады.

Еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күннің еліміздің өмірінде алатын орны өзгеше. 75 жыл бұрын әлемді дүр сілкінтіп, қайғы мен қуанышын бірге әкелген Ұлы Жеңіс ұрпақ жадында мәңгі қалады.

Уақыт өткен сайын сол зұлмат жылдар балалық шағы мен бақытын ұрлаған ардагерлер қатары сиреп барады. Сол сұрапыл жылдары Осакаров ауданынан 6 мыңнан астам адам Отанын қорғауға аттанып, жартысы қан майданнан оралмады. Өкінішке орай,  ауданымызда ардагерлер қатары сиреп барады, бүгінде көзі тірі бес майдангер ғана қалды.

Аудан әкімі Нұркен Кобжанов пен аудандық мәслихат хатшысы Қанат Саққұлақов әр қарияның шаңырағына арнайы кіріп құттықтап шықты.  Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анна Никаноровна Котова, Мария Дмитриевна Степанова, Николай Иосифович Медведев, Сергей Григорьевич  Лукьянов және Александр Владимирович Терентьевке жолдаған құттықтау хаттарын табыс етіп, олардың теңдессіз  ерліктері  үшін  жылы лебізін жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

Жалындаған жастық шағын Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін құрбан еткен 18 -20 жастағы өрімдей жастардың алды бүгінде 100-ге келді. Олардың шайқастардағы теңдессіз ерліктері мен табандылықтары ғасырлар бойы жасай бермек. Жарқын болашағымызды қорғап қалу үшін өздерінің  азаматтық және патриоттық парызын абыроймен орындаған ардагерлердің өнегесі жас ұрпаққа үлгі. Майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!

Осы күні аудан басшысы Нұркен Кобжанов «Азалы ана» мемориалдық кешеніне барып, атқарылған жұмыстарды қарап шықты. Жеңістің 75 жылдығына орай мемориалдық кешенде қайта құру және абаттандыру жұмыстары жүргізілген еді.

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды, бұл күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған