Ерекше балаларға ерекше тәрбие

Аудан әкімі Нұркен Кобжанов кентегі ерекше балаларға арналған орталыққа барып, Монтессори педагогикасының жүйесін енгізіп жатқан педагогтардың жұмысымен танысты. Балаларға ойыншықтар мен оқу құралдары толы сөмкені сыйға тартты.

Осакаров ауданының психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті 2012 жылы ашылды. Сол уақыттан бері 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілер тіркелген. Арнайы білім беру ұйымында  педагог-психолог, логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массажшы  жұмыс жасайды. Орталықта мінез құлқында, қарым-қатынаста, оқуда, сөйлеу, есту, көру, тірек-қимыл аппаратында ауытқушылықтары бар балаларға жүйелі психологиялық – педагогикалық қолдау көрсетіледі. Педагогтар М. Монтессори жүйесінің негізіндегі 3 басты қағида – әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, даму еркіндігімен қамтамасыз етіп, баланың әрі қарайғы интеллектуалды дамуының негізі ретінде сенсорлық және дене тәрбиесінің мүмкіндіктерін кеңінен қолданып отыр.

Аудан әкімі орталықтағы барлық кабинеттерді қарап шықты. Психолог кабинеті немесе сенсорлық бөлме толығымен Монтессоридің дидактикалық құралдарымен, сенсорлық жабдықтардың элементтерінен құрылған. Бұл кабинетте бала ең алдымен қабырға модуліндегі әлеуметтік-тұрмыстық бағытқа бейімдеуге арналған құралдар ілінген, мұнда олардың ірі және ұсақ моторикасын дамытады, артикуляциялық жаттығулар жасайды. Ал жарықтандырғыш сатысы дауыс күші арқылы төменнен жоғары қарай жанады. Мұнда дыбыс, буын, мәтін арқылы балалардың дауысын жаттықтырып, қысылмай еркін сөйлеуге машықтандырады. Бір қызығы сабақ соңында бала релаксация бұрышына барып демалады. Психолог бұл балалардың ең сүйікті орны екенін, түрлі түсті жарықтандырғыш шам, жарқыраған кілемше баларды ынталандырып, олардың талаптарын көтеретінін айтты.

Дефектология кабинетінде түстерді құрау модулі, түстерді айыру, пішіндерді айырып, аяқ киім бауын байлау, құлыпты кілтпен ашып-жабу машықтары үйретіледі. Релаксация бұрышы да ойластырылып, оқу соңында бала жатып, демалып алады.

Дөңгелек шарлардың домалағанын көру, оның жолын бақылау көз арқылы есте сақтау қабілетін, бірдей заттармен толтырылған сыңарлы банкілер есту қабілетін дамытады.  Монтессори карточкалары қолды жазуға машықтандырса, сөйлеу қабілетін дамыту, қолмен қармау модулі, тағы басқа құралдар арқылы мүмкіндігі шектеулі бала тұлғасының дамуы үшін жағымды жағдай жасалған.

Аудан басшысына емдік дене шынықтыру нұсқаушысы гимнастикалық батут, жүгіру жолы, тағы басқа жабдықтардың баланың дұрыс секіруін, табанын дұрыс басу, дұрыс жүруін қалыптастыратынын айтып, іс жүзінде көрсетті. Ерекше балаларға жаттығу соңында массаждық креслода тынығатын мүмкіндік те жасалған екен.

«Осакаров ауданының психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Зура Өскеева:

  • Орталықта балалардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға бейімделуіне кешенді көмек көрсетіліп, тұрмыс-тіршілігіндегі шектелуді жойып, оның орнын толтыру үшін мүмкіндігі келгенше жағдай жасалуда, -деді.

   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған