ЕЛІМІЗДЕ КИЕЛІ, ҚАСИЕТТІ САНАЛАТЫН ЖЕРЛЕР КӨП

 

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді – мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек, – деген болатын.

Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми – зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлының еңбектері мені бұрыннан қызықтыратын. Жеке 10 кітаптың және 2 кітаптың бірлескен авторы көптеген ұлттық жобаларды дамытып,  «Қазақ альманағы» журналын да шығарып келген еді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бес жылға жоспарланғанын білеміз, алда әлі 2 жыл үнемде тұр.  Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жинақталуда. Энциклопедияның бірінші томына Алматы, Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыстарының киелі орындары қамтылған.  Алдағы жылдары осы кітап та қолымызға тиетін болар. Ал, әзірше далалық – этномәдени экспедициялары арқылы табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар қатары әр күн сайын толықтырылып жатыр. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан – ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең – байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіру барысында жаңа нысандар пайда болуда. Соның бірі Қарқаралыдағы Қасым ауылының іргесінен табылған «Алтын адамды» «Талды-2» қорымынан тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Арман Бейсенов тапқан болатын. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына «Алтын адам» табылған «Талды-2» қорымы өлкесі енгізілгені туралы еш мәлімет айтылмаған. Қорық мемлекет тарапынан қорғалмаса онда көптеген құндылықтар қолды болады ғой. Ал осы кезеңде Энциклопедияның бірінші томы баспада болатын. Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін өзара сабақтастыру да қажет сияқты. Өйткені олардағы құрылыс архитектурасы ұқсастықтары басым. Ал, Қарқаралыдағы Қасым ауылының іргесінен табылған «Алтын адамды»,оның жәдігерлері мүлдем ерекше.  Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізі әдемді алып жатқанын  айғақтап отыр емес пе?!

Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Ұлттық құндылықтарымыз Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени – географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез – келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Арқадағы «Алтын адам» бөлшектері бабаларымызөдың зергерлік бұйымдар жасаудағы қолөнер шеберлерлігін айғақтап тұр. Қасым ауылынан табылған кісе белдіктің қапсырмалары, қару асынатын белдік, киімнің әр жеріне тағылған таутеке, мысық тұқымдас жыртқыш аңдар, қабан, грифон, екі таутекенің басы – самғаған құс бейнесіндегі қапсырмалар, өсімдік дәндері формасында жасалған көптеген ілдіргі-салпыншақтар мен әшекейлер оюға бейімделгені тегін емес.

Елімізде әлі де киелі, қасиетті саналатын жерлер көп. Бірақ оның не себепті киелі екенін көбіміз біле бермейміз. Бұл ретте қасиетті, киелі жерлерді жүйелі түрде реттеп, тіркеп, халыққа насихаттаудың маңызы зор.

Бүгінде еліміздің әр түкпірінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қызу талқыланып, қолдау тауып, жүзеге асырылуда.

Барлық облыстар мен аймақтарда жұмыс топтары құрылып, олар өз тізімдерін жасап, ұсынуда. Айта кету керек, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының негізгі операторы болып ҚР Ұлттық музейі бекітілді. Дәл осы музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми – зерттеу орталығы ашылды. Өз кезегінде мұнда алдыңғы қатарлы ғалымдардың, археологтардың, тарихшы – этнографтардың және өлкетанушылардың қатысуымен сарапшылар тобы сараптамалық кеңесте 100 нысанды жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысанды жергілікті маңызы бар қасиетті орын – нысан қатарына енгізген. Сарапшылар бұл тізім болашақта әлі де толығуы мүмкін дейді.

2019 жылдың қаңтарынан «Архив – 2025» ғылыми – әдістемелік орталығының басшысы болып қызмет атқарып келе жатқан  Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, еліміздегі киелі орындардың тізімі шенеуніктердің кабинетінде отырып жасалмайды. Оны әр өңірдің жергілікті халқы анықтап береді екен. Өйткені, әрбір нысан сол жердің жергілікті халқының өмірімен тығыз байланысты. Мамандар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тиімді тұстары  ішкі рухани – туризмнің дамуына зор үлес қоспақ. Халық, оның ішінде жастар туған жерінің тарихымен танысуына үлкен мүмкіндік алады.  Яғни табиғатты тамашалап, ел – жер көріп, көңіл көтеру ғана емес, тәлімдік – тәрбиелік мәні бар, тарихи сананы жаңғыртуға негізделген, туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды болмақшы.

–       Бұл жоба арқылы халыққа рухани құндылықтарымызды  насихаттаймыз. Ол нысан қандай тарихи оқиғамен, қандай салт – дәстүрмен, қай кезеңмен байланысты екенін анықтаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын рухани тәрбиені сіңіру, насихатау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген нысандарда алдағы уақытта туристік бағыттарды дамыту жұмыстары да қолға алынатын болады.

Ең бастысы, еліміздегі қасиетті жерлерді дәріптеудің, оларды халыққа насихаттаудың маңызы зор болмақ. Біз өткен тарихымызды қастерлеп, өз құндылықтарымызды дәріптеу арқылы болашақ жастардың рухани санасына әсер етуге тиіспіз.

 

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған