Дүйім жұртты талантымен тәнті еткен

Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. «Өнер – ұлттың жаны»,-  дейді халық даналығы.

Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген жандардың бірі – Осакаров аудандық мәдени-сауық орталығының музыкалық жетекшісі Анаргүл Наурызхан.

Анаргүл халыққа рухани нәр берудегі, ұлттық өнерді насихаттаудағы талмай етіп, ауданның мәдени өміріне жаңа өріс, дем беріп, жарқын істердің ұйытқысы болып жүр.

Павлодар қаласындағы Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжінің ән салу бөлімінде оқып, үздік бітірген  А. Наурызхан 2014 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокалдық өнер» мамандығын тәмамдап, «Опера әншісі, оқытушысы»  біліктілігін  алды. Жас болса да аз уақыт ішінде өзін жақсы қырынан танытып, жұмысына тыңғылықты,  өз ісін жетік меңгерген маман ретінде көрсете білді.

  • Әкемнің музыкалық білімі болмаса да, барлық аспаптарда ойнай білетін. Әкемнің орындауындағы Шәмші мен Ескендірдің әндерін тыңдап өстім. Ол менің өнер жолын таңдауыма себепкер болып, сүйеу болған еді. Қазіргі таңда жолдасым Анарбек мені үнемі қолдап, демеп жүреді,- деді А.Наурызхан, «әншілік өнерін таңдауыңа не себеп болды?» – деген сұрағыма.

Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын Анаргүл мәдени ұжым алдында беделді. Үлкен талант пен зор дауыс иесінің репертуарында қазақстандық және шетелдік сазгерлердің шығармалары, махаббат, ана, туған жерге арналған әндер бар.

Өнер жолында биік тұғырдан көрініп, тыңдармандарының көзайымына айналып, әндері жүрек қылын шерткен жас таланттың жетістіктері аз емес. Павлодар қаласында (2007 ж.) өткен «Ертіс жұлдыздары» халықаралық конкурсының  III Лауреат сыйлығы, халықаралық «Шабыт» конкурсының қатысушысы (2007 ж.), XXVIII Халықаралық «Янтарь соловей» конкурсының дипломанты (Калиниград. Ресей. 2008 ж.), «Жұлдызды Жасыбай» республикалық фестивалінің лауреаты (2013 ж.), Теміртау қаласындағы «Жауыртаудағы кездесу» республикалық жастар шығармашылық форум –фестивалінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік вокалист» (2019 ж.) иегері атанды.

Анаргүл кәсіби шеберлігімен, әртістігі және қайталанбас сахналық бейнесімен Осакаров ауданының ғана емес, сонымен қатар Қарағанды, Нұрсұлтан қалалары көрермендерінің  жүректерін жаулап сыйластықтарына бөленуде.

Дүйім жұртты талантымен тәнті еткен әнші 2019 жылы аудан мәдениетінің дамуына үлесін қосып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқаны үшін Осакаров ауданы әкімінің Алғыс Хатымен марапатталды.

Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып бағаланады. Халық ықыласына бөленіп жүрген әншінің алар асуы әлі алда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған