Covid-19: үрей мен бейқамдық

2019 жылы Қытайдың Ухань провинциясында анықталған пневмонияның жаңа түрі – Covid-19 көптеген елдерде белең алғандықтан, 2020 жылдың наурыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустың өршуі пандемия деңгейіне жеткенін жариялаған болатын.  Елімізде 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды. Содан бері бірінен соң бірі қалалар мен облыстар карантинге жабыла бастады.

Коронавирус адамзаттың күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертті. Адамдар үйден шықпай, қашықтықтан жұмыс істеп, білім ордаларының жұмыс тәртібі де өзгерді. Карантин жарияланған қалаларда тәртіп бұдан да қатаң. Ал төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. ТЖ енгізілгенде бойларын үрей билегендер ғаламтор жүйесіндегі барлық ақпаратты шайнамай жұта берді. Күмәнді ақпарат, конспирологиялық теорияларды естіп, неше түрлі «фактілерді» ойлап тапқыштардың хабарынан соң адамдар дүрлігіп, үрейлене бастады. Қорыққаннан дүкенге жүгіріп, сөреден бірінші қажеттілік тауарларын, дәріханадағы бетпердені, антисептиктерді жұрдай қылды. Әлемдегі COVID-19-дан қайтыс болғандар туралы хабарлар отқа май құя түсті.

Ал керісінше індеттің бізге қатысы жоқтай, ойынға айналдырған түрлі «әзілкештердің» хабарын бір-біріне таратып, салғырт қарағандар да баршылық. Коронавирус жағдайлары тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау, адам көп жиналған жерлерден алшақ болу, тағысын тағы айтылған сақтық шараларына құлақ аспады. Тіпті төтенше жағдай кезіндегі карантин режимінің талаптарын сақтамай, шектеу іс-шараларына пысқырып та қарамады. Олар әкімшілік құқық бұзушылық кодекс шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартыла бастағанда барып, ес жиғандай. Бірақ арамызда әлі де болса бейқам жүргендер баршылық.

Елімізде тәж вирусын жұқтырғандар саны өсуде, жазылып шыққандар бары да көңілге медеу (санын көрсетпеуім, сағат сайын өзгеруде).

Билік індеттің таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын күшейтіп жатыр.

Үрейге жол бермей, бейқамдыққа салынбай, қозғалысты шектеп, тәртіпке бағынсақ, бұл сыннан да бірге өтеріміз анық.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған