Бірлігі берік жұртпыз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында, Тәуелсіздік жылдардан бері халықтың қиын, күрделі мәселелерін елмен бірге бастан кешіп келе жатқаны, қазіргі сәтте Елбасымыз бізбен бірге екенін, бізге қолдау көрсетіп отырғанын айтып өтті. Күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімнің жетістігін ортақ мақсат жолында бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етудің арқасында Қазақстан қауіпті дерттің алдын алатындығына кәміл сенетінін жеткізді. Тұңғыш Президентіміз қазіргі таңда көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарымызды, әл-ауқаты төмен отбасыларды, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек екенін айтып өтті.
Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Осындай алдын-ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқарып жатқанын, бұл індетті халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығатынымызды халыққа жеткізді.
Еліміздің ең үлкен байлығы-адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы- мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге-құрмет көрсетіп, кішіге-қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді.
Сондықтан біз сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.
Біз-біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Қиындыққа қайыспай белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз, деп халықтың бойына сенім ұялатып, қолдау білдірді.

Ғалия Нұрсолтан,

ОҚББО директоры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған