«Бір шаңырақ астында»

Рухани келісім күні қарсаңында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханада «Бір шаңырақ астында» атауымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы департаментінің басшысы Дианна ЕСЕНМЕН кездесу өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі ролін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсінікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» – деп атап өткен болатын. Еуразия орталығында, өркениеттердің жол айырығында орналасқан Қазақстан, конфессияаралық және этносаралық келісімді қолдау кепілінің құрметті де жауапты ролін өз міндетіне алды. Қазақстанда 18 конфессия және 100-ден астам ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде, – деді Дианна Есен кездесу барысында.

Ол Қазақстандағы мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасының үлгісі – дінге сенушілердің құқығы мен бостандығын құрметтеу, қоғамдық және діни мүдделердің тең салмақтылығы, серіктестік қатынас пен өзара түсіністікке ұмтылудың демократиялық қағидаттарына негізделгенін де айтып өтті.

Жиын барысында облыстық дін істері басқармасының басшысы Дулат Қанышұлы ҚМДБ Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мен Қарағанды және Шахтинск Орыс православиелік шіркеуінің епископы Владыка Севастианды «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» медалімен марапаттады.

Сондай-ақ, кітапханада арнайы көрме ұйымдастырылды. Экспозицияның ерекшелігі – діни конфессиялардың сирек жәдігерлерді тарту етуінде болды.

Көрмеге облыстық «Әнет баба мешіті» атадан балаға келе жатқан Құран, Ислам дінінің, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек бидің өмірбаянынан сыр шертетін жыр-дастан кітаптарын қойды. Имамдардың Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің үлгісінде бекітілген сәлде мен шапаны да осы жерден орын тапқан. Орыс православиелік шіркеуі Қарағанды облысында христиандықтың көне діни шығармалары мен Халықаралық ғарыш станциясында болған Севастиан иконасын ұсынды. Ал, Рим-католиктік Қарағанды епархиясы діни қастерлеу нысандарын, дін қызметкерінің киімдерін, сондай-ақ католик соборының фотосурет альбомын әкеліпті. Діни қызметке арналған ежелгі заттардың сирек экспонаттарын еврей қауымдастығы, «Бейт Шалом» иудейлік миссионерлік орталығы ұсынса, өздерінің діни киімдерін «Грейс» Христиандық пресветариандық миссионерлік шіркеуі де алып келген.

Бұл көрме діни конфессиялар арасындағы достықтың күн сайын нығая түсетіндігін айғақтай түсті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған