Бейнелеу өнері мұражайында «Әлем балалар көзімен» көрмесі өтуде

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Әлем балалар көзімен» атты көрме өтуде. Бұл «Аялаған Алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының жобасы. Көрмеде ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығы ұсынылды.

– Бұл өте мейірімді көрме. Бізге оны Орал қаласының «Аялаған алақан» қоры ұсынып отыр. Жұмыстардың авторлары – Батыс Қазақстан облысының есту және сөйлеу, көру қабілеттері бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері. Балалардың суреттері әлемге деген шынайылық пен махаббатқа толы. Олар мүмкіндіктердің қаншалықты шексіз екенін көрсетеді, – дейді бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева.

Шараның мақсаты – әрбір балалардың талантты екенін қоғамға көрсету, дейді ұйымдастырушылар. Қиындықтар мен денсаулыққа қарамастан, олар әлемге мейірімді, кіршіксіз таза көздерімен қарайды.

Бірнеше жыл қатарынан Қор өз бастамасы бойынша тұрақты өтеусіз негізде кескіндеме және бейнелеу өнерін ерекше қажеттіліктері бар балаларға оқытып келеді. Олардың жұмыстары жыл сайын көрмелерде көпшілік назарына ұсынылады. Биыл Қазақстанның барлық қалалары бойынша көрме өткізу туралы шешім қабылданды.

Қарағандыда көрме Облыстың жастар саясаты басқармасы мен жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған