Қазақстанда ардагерлердің қосымша санаттары белгіленді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда ардагерлердің қандай қосымша санаттары белгіленетіні туралы атйып өтті.

Еңбек министрі Мәжілістің пленарлық отырысында «Ардагерлер туралы» заң жобасын таныстыра отырып, оның негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін реформалар мен заңнамалық актілерді жүйелеу, сондай-ақ ардагерлердің жаңа санаттарын құру екенін атап өтті.

– Жаңа заң жобасы бойынша ардагерлердің келесі санаттары белгіленеді. Біріншісі – Ұлы Отан соғысының ардагерлері: оларға ҰОС ардагерлері мен мүгедектері жатады. Екіншісі – басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс шайқастарға қатысқан ардагерлер. Заң жобасына сәйкес олардың қатарына келесі азаматтар кіреді: Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер; 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларын күзетуді күшейтуге қатысқан азаматтар; 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге; таулы Қарабахта этносаралық жанжалды шешуге қатысқан азаматтар.; Ұлттық контингентке кіретін, Ирактағы бітімгершілік операцияға қатысқан тұлғалар, – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Министр хабарлағандай, заң жобасына сәйкес үшінші санатқа жеңілдіктері мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген сегіз санаттағы азаматтар мен ҰОС мүгедектеріне теңестірілген бес санаттағы азаматтар кіреді.

– Еңбек ардагерлеріне Социалистік Еңбек Ерлері; үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлері; «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бар тұлғалар; Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз ерлік қызметі үшін бұрынғы ҚазКСР ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар; 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген тұлғалар жатады, – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.


inform.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған