Қазақстан коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын тіркеді

Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасы ресми түрде тіркелді. 13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сараптама ұйымының қорытындысы алынды. Бұл туралы Қарағанды фармацевтикалық кешенінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚБК) Қазақстан Республикасының аумағында «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны тіркеу рәсімін аяқтады. 2021 жылғы 13 ақпанда тіркеу деректері материалдарын қарау қорытындысы бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сараптама ұйымының қорытындысы алынды. Қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды», – делінген хабарламада.

Қазақстан «Спутник V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші ел болды.

Алдын ала есептеулер бойынша, ақпан айының соңында еліміздің барлық өңірлеріне ҚБК өндірген вакцинаның 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарды аралап, зерттегеннен кейін қабылданған болатын. Техникалық аудит өндірістік алаңның сәйкестігін растады.

«Спутник V» ресейлік вакцинасы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда жаппай вакцинациялау үшін қолданылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған