Ауылдағы ахуал

           

Аудан әкімі Нұркен Кобжанов ауылдық округтерді аралап, ауыл тұрғындарымен  кездесті.

Аудан басшысы Маржанкөл ауылына жұмыс сапарымен барып, сумен жабдықтау желісінің құрылысы жұмысын бақылап, тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді.

Ауылдағы сумен жабдықтау нысанының құрылыс басына барған аудан әкімі мердігермен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Маржанкөл ауылында  сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүріп жатыр. 2020-2021 жылдарға жоспарланған жобаның жалпы құны – 558,0 млн. теңгені құрайды. Мердігер «Балхашский Казмеханомонтаж» ЖШС болып табылады. Нысанда 34 жұмыс орны ашылған. Құрылыс жұмысын шілде айында аяқталау  жоспарланып отыр.

Аудан әкімі Нұркен Кобжанов Маржанкөл ауылдарының тұрғындарын қабылдап, көтерген сұрақтарын тыңдады.

Маржанкөлдіктер Әуезов, Әбілқаев және Иманов көшелеріндегі үйлерде электр тоғының әлсіз қуаттандырылуы, ЖТҚС апатты жағдайда екенін айтты. Сонымен қатар Иманов, Школьная және Шаңырақ көшелерінің жарықтандырылуы, Құрқопа ауылындағы ауыз су мәселесін көтерді. Аудан басшысы аталған мәселелер жақын арада өз шешімін табатынын жеткізді.

Сапар барысында Нұркен Сайфиддинұлы Ертіс, Шідерті ауылдық округтеріне және Шоқай ауылына барды. Бұл елді мекендердегі шағын жинақты мектептерді қайта ұйымдастыру және тарату жоспарда тұр. Бұған басты себеп болып отырған мәселе – адам саны аз шоғырланған ауылдардағы бала санының аздығы. Сондай-ақ пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі. Мамандардың бірнеше пәнді қатар жүргізуі білім сапасының төмендеуіне әкелетіні жасырын емес. Бұл «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне» сәйкес келмейді.

Мектептердің педагогикалық ұжымдарымен және ата-аналарымен кездескен басшы, педагогтар мен мектеп қызметкерлері жұмыспен қамтылатынын, оқушылар үшін жақын ауылдағы мектепке  тасымалдау ұйымдастырылатынын айтты.

Сонымен қатар тұрғындар сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін көтерді. Аудан басшысы барлық сұрақтар өзінің тікелей бақылауында болатынын айтып, орынбасарлары, дербес бөлім басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.