Ауыл шаруашылық министрі Қарағанды облысында болып қайтты

Қарағанды облысының аграрийлері көктемгі егіске дайындалуда. Фермерлер кедергісіз жұмыс істей алуы үшін өңірде ауыл шаруашылық бағытындағы жүктері бар автокөліктердің блок бекеттер арқылы қозғалу мәселесі шешілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров пен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

– Коронавирусқа байланысты көктемгі егіс жұмыстарының басталуымен проблемалар туындайды деп күткен болатынбыз. Сондықтан барлығын алдын ала қарастырдық. Несие берілуде, тұқым бар, техника дайын. Мен осының барлығын өз көзіммен көргім келді, – деді Сапархан Омаров Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында. – Өңірде көктемгі дала жұмыстары бойынша жедел штаб құрылды. Қарағандылық ауыл шаруашылық кәсіпорындарының дайындығы жақсы. Карантин жағдайында қозғалыс қалай жүзеге асырылатыны туралы мәселе туындады, көптеген шағымдар түсті. Бұл мәселе шешілді. Электрондық рұқсаттамалар әрекет етеді.

Әрбір аймақта ТЖ режимі жағдайында жеке тәсіл болуы тиіс, деп атап өтті министр.

– Министрлікте және облыстарда оған ұқсас жедел штабтар құрылды. Олардың міндеті – көктемгі егістіктің проблемасыз өтуі үшін барлық мәселелерді шешу, – деп атап өтті Сапархан Омаров. – Егер әлі де қандай да бір мәселелер болса, біз оларды жедел шешетін боламыз. Көктемгі дала жұмыстарын уақытында жүргізу Үкімет алдындағы басымдықтарының қатарында.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағандыдан қосалқы бөлшектерді жеткізу үшін әкімдіктердің ұсынысы бойынша тізімдер жасалғанын хабарлады. Мыңдаған шаруашылық блок бекеттердің электрондық базасына енгізілді.

Айтпақшы, енді фермерлер Qoldau жүйесі арқылы облыс орталығына жол жүруге өз өтінімдерін өз бетінше беруге мүмкіндік алды.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы баяндады. Жаздық егіс 1 млн га алқапта жүзеге асырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық.
Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар үлкен алқапты алады – 900 мың га жуық. Майлы және азықтық дақылдар алқабы 8 мың га ұлғайды – тиісінше 28 000 және 65 000 га-ға дейін.
Сондай-ақ картоп пен көкөніс отырғызылады.
Егіс алқабына 10 мыңнан астам трактор, 193 егіс кешені және 6 мыңға жуық тұқым сепкіш шығады. Бүгінгі таңда техниканың дайындығы жүз пайыз шамасында.
Облыс фермерлері тұқымдармен және тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Арзандатылған дизель отынымен жабдықтау жүріп жатыр.
Аграрлық несие корпорациясы облыс үшін егіс науқанын қаржыландыруға 2,8 млрд теңге бөлді. Қазірдің өзінде 2,2 млрд теңгеге 68 несие берілді. Субсидия түрінде мемлекеттік қолдауға 2,5 млрд теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылық министрі мен облыс әкімі бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, егіс науқанына дайындық барысымен танысты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған