Ауданның эпидемиологиялық жағдайы тұрақты

29 мамыр күні Осакаров ауданы әкімі аппаратының «Facebook» әлеуметтік желісі парақшасының  тікелей эфирінде аудан әкімі Нұркен Кобжановтың қатысуымен брифинг өтті.

Аудан басшысы Нұркен Кобжанов тікелей эфирде Осакаров ауданындағы санитарлық – эпидемиологиялық жағдайға егжей-тегжейлі тоқталды. Қазіргі таңда ауданымызда короновирустық инфекция тіркелмеген, эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Диагностикалық мақсатта 203 адамнан сараптама алынып, теріс нәтиже көрсеткен. 53 дәрігер және 316 медицина қызметкері короновирустық инфекциямен күрес бойынша тренингтерден өткен. Аудандық ауруханада дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар, жеке қорғаныс құралдары, дезинфекциялық құралдар жеткілікті мөлшерде.

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Жарлығына сәйкес ауданда біршама нысандар 11 мамырдан жұмысын бастады. Қолданыстағы барлық нысандарда дезинфекция, желдету, бетперде және қолғап режимі, санитарлық тазартқыш қондырғылар, дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып ылғалды тазарту күшейтілді. Сондай-ақ аумақтарды, адамдар көп жиналатын орындар мен ойын алаңдарын залалсыздандыру шаралары жалағасын табуда.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандағы азық-түлік пункттерін үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ауданда екі көтерме базасы бар және күн сайын Қарағанды қаласының фирмалары аудандағы сауда орындарына тауарлар жеткізіп отыр.

Аудан әкімі:

–           Біздің аудан аграрлық өңір болып табылады. Егін егу науқаны аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияға ПТР тестін тапсыру үшін шаруа қожалықтарының басшыларымен және аудандағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен жұмыс жүргізілуде,- деді Нұркен Кобжанов.

Брифингте аудан басшысы білім беру саласындағы қашықтықтан оқыту кезеңін ерекше атап өтіп, ҰБТ өткізу кезіндегі талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Сөзін қорытындылай келе, Нұркен Сайфиддинұлы сын сағатта бір-бірімізге түсіністікпен қарап, карантиндік шектеу шараларын сақтаудың қажеттігін басып айтты.

Тікелей эфир соңында аудан әкімі тұрғындардың әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, тағы  басқа мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған