Ауданда екі санитарлық бекет қойылды

19 қазаннан бастап Қарағанды ​​облысында карантиндік шаралар күшейтіліп,  коронавирус инфекциясының екінші толқынына қарсы күрес даярлығы кең ауқымда жүргізілуде.

Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында облыс аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін 8 санитарлық бекет орнатылды. Санитарлық бекеттердің екеуі Осакаров ауданында қойылса, осындай бекеттер Жезқазған, Приозерск қалаларында,Ұлытау, Нұра, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында құрылды.

Аудандағы бірінші пост – Қарағанды облысы мен Ақмола облысының шекарасында, екіншісі – Павлодар облысымен шекарада орналасқан.  Бекеттерде көліктер жылдамдығын азайтып, сәл кідіріс жасауы үшін  бетон бөгеттер қойылды. Полиция қызметкерлері мен дәрігерлер екі ауысымда кезекшілік етеді. Медицина мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуын байланыссыз термометрия арқылы өлшеп, сауалнама алуда. Қарағанды – Нұр-Сұлтан тас жолының бойындағы № 1 постта тұрған Аудандық орталық ауруханасының медбикесі Жайна Бекболат республикалық маңызы бар жолда өз ауысымында 2500-ден астам жолаушысы бар, 1500-дей көлік өткенін айтты.

  • Бекетте төрт медицина қызметкері кезекпен жұмыс жасаймыз. Басты міндетіміз – көлік жүргізушілері мен жолаушылардың дене қызуын өлшеп, сауалнама алу. Қазіргі таңда короновирус індетінің белгілері бар адамдар тіркелген жоқ. Егер дене қызуы жоғары жолаушы болса, біз 103 жедел жәрдемін шақырып, ол келгенше науқасқа бетперде беріп, 2 метр арақашықтықты сақтауын талап етеміз. Жолаушы аудандық ауруханадағы фильтр немесе провизорлық стационарға жатқызылады,- деді медбике.

Гүлім Сембай

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған