Қасиетті Рамазан айында Қарағанды облысының екі отбасына пәтер сыйға тартылды

Қасиетті Рамазан айында Қарағанды облыстық мешіті аз қамтылған отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Сондай-ақ жатақханаларда тұратын студенттерге және өңірдің кейбір кәсіпорындарының қызметкерлеріне ауызашарға арналған жиынтық салынған себеттер таратылды. Ал «Зекет» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға екі пәтер сыйлады.

– Қасиетті Рамазан айында өткізілген қайырымдылық акциялары аясында облыста 26 373 отбасына көмек көрсетіліп, 5,5 тонна азық-түлік таратылды. Игі іске қатысқан қала тұрғындарына ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.

«Зекет» қайырымдылық қоры облыстың 13 430 тұрғынын ауызашарлармен қуантты. Сонымен қатар, «Рамазан керуені» қайырымдылық марафоны кезінде 12 673 отбасы азық-түлік алды. Оларға 3,7 тонна ұн, 1,2 тонна шай, 770 литр күнбағыс майы таратылды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар арасында ет таратылды. Киіммен 270 отбасы қамтамасыз етілді.

– Ауызашарлар мен азық – түлік жеткізуден басқа, Рамазан айында «Ел үлесі – пәтерге» республикалық жобасы аясында біз мұқтаж жандарға екі пәтер сыйға тарттық: біреуі Теміртауда – көп балалы отбасына, екіншісі Жезқазғанда – ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасына. «Ел үлесі – пәтерге!» 2018 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде республикада 300-ден астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мұндай игі істерді одан әрі жалғастырамыз, – дейді «Зекет» қайырымдылық қорының Қарағанды облысындағы жауапты өкілі Мұхит Жарымбетов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.