Асқақ елдің арманы биік

«16-желтоқсан – ата-бабамыз талай жылдар армандаған еркіндік, егемендік алған күн. Қолға бақ болып қонған  еркіндіктің қадірін білуіміз керек. Ендігі мақсат – бел шешпей еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақстанымызды Мәңгілік елге айналдыру»,- деді еліміздің рухани дамуы мен кемелдену жолында қызмет етіп жүрген Арман Бапанов.

Арман Қобыландыұлы 2013 жылдан бері «Аудандық мәдени-сауық орталығы» КМҚК әдіскер, көркемдік жетекшісі, орталық басшысының орынбасары қызметтерін атқарып, биыл «Осакаров аудынының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бас маманы болып мемлекеттік қызметке ауысты.

2014 жылы аудандық жас орындаушылар мен шоу бағдарламаларды жүргізушілерінің «Жас дәурен» конкурсының гран‑при иегері болған А. Бапанов Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған «Жас қанат-2014» байқауында I дәрежелі лауреат, Ақтөбеде өткен Республикалық «Үш жұлдызы батыстың» ән байқауының III дәрежелі лауреаты жүлдесін иеленді. Сонымен қатар аудан мәдениетінің  дамуы  мен  өркендеуіне  қосқан  үлесі  үшін аудан әкімінің «Жастар -2014» сыйлығының «Ең үздік мәдениет қызметкері» номинациясында үздік атанды.

2015 жылы облыс орталығында өткен Астана күніне арналған «Асқақатай бер, елімнің Астанасы» конкурсында I орынды қанжығаға байласа,  сол жылы балалар шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алые паруса» халықаралық конкурсына қатысушы дайындаған үшін Астана қаласы мәдениет басқармасының Алғыс хатымен мараппаталды.

Ауданның қоғамдық-мәдени дамуына орасан зор үлес қосып, жастар саясатын насихаттап, барлық аудандық, облыстық мерекелік іс-шараларға белсене ат салысып жүрген жас  2016 жылы Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен ұлықталды.

Шығармашылық біліктілігі мен дарынды талантымен көзге түсіп, болашағынан зор үміт күттірген керемет дауыс иесі 2017 жылы «Рақмет саған туған ел» атты шығармашылық жеке ән кешін өткізді. Концертте Қазақстан және шет ел композиторларының әндері орындады.

Ізденімпаз, дарынды әнші 2018 жылы Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» номинациясы жүлдесін жеңіп алса, 2019 жылы «Жас, жан-жақты мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша Осакаров ауданы әкімінің сыйлығына ие болды.

«Шабыт» Қазақ Ұлттық Өнер Университетін  «Эстрада өнері» бакалавры академиялық дәрежесін эстрада әртісі мамандығы бойынша білім алған жігіт кейіннен Қарағанды қаласының экономикалық университетінің «Құқық» бакалавры «экономика саласын құқықтық реттеу» мамандығы бойынша тәмамдады.

«Жастар жалындап жанбасақ, елдің ертеңі не болмақ?! Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл», – деген ұстанымы берік талант иесі.  Орда бұзар отызға толған Арман жұбайы Нұргүлмен 4 бала тәрбиелеп отыр.

Гүлім Сембай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған