Қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін

Еңбекшіл әулет

Біз соғыстан кейін туған ұрпақ өкілі кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға ұрпақтың жанкешті ерліктерін тек кинодан көріп, кітаптардан оқып білеміз. Ұлы Отан соғысының қанды қырғынында жауынгерлеріміз жанын қиса, еңбек даласындағы бұғанасы қатпаған сәбилер балалығын, қыз-келіншек наз күлкісін, аяулы ана көз жасын төгумен болды. Тылдағы әжесі мен анасы, кәрісі мен ұл-қызы аянбай терін төгіп, майданға жөнелтілер бір түйір дәннің қадірін білді. Соғыс жылдарында бала болып, ойнамаған, тойып тамақ жемеген, соғысқа аттанған әкесі мен әкесінің үш інісін сарыла күтіп, таң қылаң бере егістікке жөнелген бүлдіршін Дәнен Теміржанұлы – бүгінде сексеннің сеңгіріне жетіп, немере-шөбересін алақанына аялаған ардақты ата. Кескілескен қан майданның ауылға жеткен ызғарына тоңып, суығына шыдаған олардың көргені сәби жүрегіне жатталып, көңілдерінде әрдайым сайрап тұрады. Әрқайсысы соғыс ұрлаған бала күндері туралы айтқанда көмейден шыққан үн естігеннің денесін шымырлатып, көздегі жасы әжім тереңдерін қуалай ағады.

Бейсембаев Дәнен Теміржанұлы төлқұжаты бойынша 1940 жылы 30 қыркүйекте  Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би) ауданы Сартау ауыл Советінде туған. 7 жасында ауылдағы №1 қазақ орта мектебіне оқуға барған. Әкесі Әлжанов Теміржан 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған, өзімен бірге үш інісі Бәтен, Ләжім, Тілеубек те соғысқа кеткен. 4-еуі де соғыстан қайтпаған. Туған шешесі Жүкеннің нағашы атасы Бейсенбайдың жалғыз қызы болған екен. Әкесі соғысқа кеткен соң нағашы атасы отбасын апасы Зинаш пен қарындасы Жұмашты өз қамқорлығына алған екен. Өз заманының өте шебері болған, серілігімен қоса сол кездегі қолөнерді меңгеріп, ел ортасына ертоқым, ат тұрмандары, арба-шана дайындап күндерін көріпті. Арнайы тапсырыспен етік, тіпті сиыр мүйізінен тарақ, сүйектен түйме жасап, бәйге атын жаратып, тері илеп, тон тіккен.

Апайы Зинаш орта білім алған соң Қарағанды педагогикалық иститутына түсуіне байланысты және балалардың білімді болуы үшін отбасы Қарағанды қаласына көшеді. Бұл 1951 жыл еді.

  • Мен оқуымды №26 Киров, №7 Жамбыл орта мектебінде оқыдым. Шешем 1954 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Ол кезде атам да апам да егде тартып, жиі ауырып қалатын. Жанұядағы барлық салмақ маған түсті. Күндіз жалдамалы жұмыс істеп, кешкі мектепке барып, одан шығысымен түнгі 1-2 шамасында жаңа қалаға (Новый город) нан түсірісіп таңға қарай үйге келетінмін, – дейді Дәнен қария сол бір қиыншылық сәттерді есіне түсіріп.

1956-1957 жылдары №21 кәсіби техникалық училищеге тракторист-машинист мамандық бойынша оқуға түсіп, Комсомолдық жолдамамен Егіндібұлаққа Қоянды МТС-на тракторист болып жұмысқа орналасады. Жаңа – жол (Сталин) колхоздарында тың-тыңайған жерлерді игеруге, егін орағына, шөп шабу, астық тасу науқандарына қатысып, 1961 жылы денсаулығына байланысты еңбектен қол үзеді.

Онсыз да жастай көрген тұрмыс азабы денсаулығына өз зардабын тигізген болатын. Бала күні ел басына нәубет келіп, халықтың күлкісінен гөрі күрсінуі көп болған заманда өтті. Сұм соғыс басталғанда  небәрі 1 жасар болған. Бала болып қыңқылдап, ата-анасының құшағында еркелеп жүрер кезі. Алайда, олай болмады. Таң ата жұмысқа кетіп, кеште шаршап оралатын әжесі мен анасының көмекшісіне айналып, ерте есейді. Тек үй жұмысымен шектелмей, ауылдың үлкендерімен қатар, мойнына дорба байлап, масақ терген. Оны кептіріп, қылтанағын түсіріп, бидайын алған. «Бала болып бір ойнау арманы болатын 7 жасында сабақтан келе салып диірмен тартып, еңбекке толы күндері ерте есейтіп еді.

– Барлық заттың жетіспегеніндей, қағаз-қалам деген көп болмайтын еді. Газеттердің шетіне жазу жазатын едік. Осындай қиындықтарды көріп өстік. Соғыстан оралғандардың бәрі де мүгедек боп келді. Ауылымызда күнде у-шу, қайғырып қиналған адамдар. Күнде қара қағаз келеді. Зар еңіреген ана, жесір қалған әйел, жетім болған бала. Бірін-бірі жұбатқан адамдар осындай сәттердің куәсі болдық. Сондықтан да күліп еске алатын естеліктен гөрі күрсіндіріп, көзімізді жасқа толтыратын өткеніміз болды, – дейді қария.

Қызметтік баспалдағын адал еңбекпен осылай өріп, өнер-білім асуларындағы айшықты іздері тек қиыншылықтарға толы болғанымен 1961 жылы май айында Қу аудандық байланыс торабына электро-монтер болып жұмысқа орналасады. Ол кезде электр жарығы жоқ. Радио торабы, рация жергілікті двигатель-генератормен жұмыс істейтін. Сол кездің заманауи технологиясы осындай болғанымен елде электр, байланыс салалары  жедел дамый бастады.  Заман көшінен қалмай да біліктілікті арттырып отыру – басты талап екенін білген шебер маман іле осы салада өз ісінің майталманы болып шыға келеді. Осыны ескерген ұжым оны басшылыққа тағайындайды.

Кейінірек бастауыш партия, комсомол ұйымына хатшы болып басшылық жасайды. Қазақстан Республикасының кәсіподақ комитеті президиумы мүшелігіне кандидат, ауыл кеңесіне, аудандық мәслихатқа депутат болып сайланады.

1995 жылы зейнеткерлікке шыққанымен 1998 жылға дейін байланыс саласында «Қазақтелеком» ұжымында қызмет жасайды. Еліне атқарған еселі еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» Ордені, «В.И.Лениннің 100-жылдық» медалі, «Еңбек ардагері» медалі, «КСРО-ның социалистік жарыстың үздігі белгісі» және т.б. құрмет грамоталарымен қатар  сала басшылығының бірнеше мәрте грамотасымен марапатталады.

Жұбайы Айтбаева Әнелмен 55 жылдай отасып, өмірге 8 бала әкеліп тәрбиелеп өсіреді. Өкінішке орай, 2013 жылы Әнел апай өмірден озды. Балаларының барлығы арнаулы білім алып, әр салада өз мамандықтары бойынша жұмыс атқаруда. Бәрі де отбасы құрған.

Қарағанды облыстық байланыс басқармасының құрмет тақтасы мен кітабына елеулі еңбегі жазылған Дәнен Теміржанұлы байланыс саласында 40 жылдай еңбек жасады. Қатардағы электро-монтерден мекеме басшысына дейін көтерілді. Қоғамдық жұмыстарға, ауылдың мәдени шараларына белсене қатысып, үлкен үлес қосты.

Бейсенбаевтар  отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етуде. Бір ерекшелігі, олардың бәрі де қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін адал еңбекпен көтерілген. Елбасы айтқан нағыз еңбек адамын осы әулеттен табасыз. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осынау дәстүрді шебер меңгерген Дәнен Теміржанұлы бүгінде мықты маман тәрбиелеуші, тәлімгер ұстаз. Шәкірттері тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерден хабар алғызуға баласы Ерболдың қосқан үлесі бір төбе болатын. Мұның қатарында жалпы еңбек жолын, «Қазақтелеком» компаниясында жалғастырып жатқан Сарқытбектің де еселі еңбегі елге үлгі. Әулеттің әрбір мүшесі әр еңбек саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәуелі шаңырақта бүгінде еңбек буыны өзінің қызметін байланыс саласымен байланыстырып, ризығын теруде.

 

Сержан Смаханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған