Қарағандыда өткен жарыста жас шаңғышы республика чемпионатының алдында күшін сынап көрді

Демалыс күндері Қарағанды облысында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қарлы үштік» атты шаңғыдан онлайн-жарысы өтті. Бүгін сайыстың нәтижелері белгілі болды. Жеңімпаздар ерлер мен әйелдер арасында он жас санаты бойынша таңдалды.

Үздіктердің бірі 14 жасар қарағандылық Ксения Кристева болды. Жас спортшы 81-ші мектепте оқиды. Шаңғы спортымен 9 жастан бастап айналысады және спорт шеберіне үміткердің нормативін орындады.

– Мен балалық шағымда бимен айналыстым, содан кейін шаңғы спортына келдім. Біздің қалада қысқы спорт түрлері үшін жақсы жағдайлар жасалған. Базаларда жақсы құрал-жабдықтар бар. Бұл жарыс мен үшін күш сынағының бір түрі болды. Бір аптадан кейін Қазақстан чемпионаты өтеді – сол кезде үш шақырым қашықтыққа жүгіремін, – деп бөлісті қысқы спорт түрлері бойынша ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы ОРМБЖМ тәрбиеленушісі.

Ксенияның «Қарлы үштіктегі» нәтижесі – 12.24.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, онлайн-жарысқа 130-ға жуық адам қатысқан. Кәсіпқойлар мен әуесқойлар әрқайсысы өз бағыты бойынша жүгірді. Нәтиже қосымшаның көмегімен жазылып, салыстыру үшін төрешілерге жіберілді.

– Бұл дода осы қыстағы алғашқы шаңғы жарысы. Оның нәтижелері бойынша біз қандай да бір қорытынды мен талдау жасай аламыз. Қашықтық барлығына бірдей – үш шақырым болды. Жарыстар көптеген адамдардың жиналуының алдын алу және санитарлық талаптарды сақтау үшін онлайн ұйымдастырылды, – деді жаттықтырушы Айдар Қантеев.

Қорытынды бойынша жүгіруден елордалықтар көш бастап тұр. Саранның шаңғышылары да ерекше көзге түсті. Сондай-ақ Ақтоғай ауданында шаңғы спортын жақсы көретіндер аз емес екені анықталды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен марапатталады. Облыстық біріншіліктің барлық қатысушыларына электронды сертификат беріледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған