Қарағандыда қазақ халық аспаптарында орындаушылардың республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы қазақ халық аспаптарында орындаушылардың VIII республикалық байқауы өтті. Шығармашылық байқауға Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей, Өскемен және Қызылорда қалаларынан 18 бен 35 жас аралығындағы жас дарындар қатысты.

Екі күн «Шалқыма» концерт залы, Кеншілер мәдениет сарайы мен С.Сейфуллин атындағы театрдың сахналарында сайыскерлер қыл-қобыз, прима-қобыз, домбыра тенор сияқты аспаптарда өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

«Биыл өз деңгейін көрсетуге 59 үміткер келді. Олар екі күн бойы қыл-қобыз, прима-қобыз, домбыра тенорда, яғни үш номинация бойынша классикалық шығармалар мен халық күйлерін орындаудан сайысқа түсті. Әр номинация бойынша өз қазылар алқасы қарастырылды. Қатысушылар Тәттімбет Қазанғапұлының 12 шығармасын орындады», – дейді ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және Қ. Байжанов атындағы концреттік бірлестік.

Байқау қорытындысы бойынша Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік бірлестігінің әртісі Ардақ Елеусіз Бас жүлде иегері атанды.

– Бұл мен үшін үлкен жетістік. Күйді жоғары деңгейде орындауға көп тырыстым. Бірақ бұл менің ғана жеңісім емес, бұл біздерге аманатталған дәстүрлі өнеріміздің жеңісі деп ойлаймын. Мен 5 жасымнан домбыра тартамын, – дейді Ардақ Елеусіз.

«Домбыра тенор» номинациясы бойынша І орынды Қали Байжанов атындағы КБ Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптары оркестрінің әртісі Сейілхан Сайлауов жеңіп алды.

Қыл-қобызда Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әлия Әбілқасымова бірінші орынды иеленді (Алматы қ.).

«Прима-қобыз» номинациясы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Гүлім Атошева (Нұр-Сұлтан қ.) үздік атанды.

Сондай-ақ, байқауда ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы дипломдармен, сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Байқау лауреаттардың қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.