Қарағанды облысының жолдарында санитарлық бекеттер ұйымдастырылды

Қарағанды облысына кіреберіс жолдарда санитарлық бекеттер ұйымдастырылды. Олар Нұра ауданында, Қарағанды қаласының Октябрь ауданында, Жезқазған, Теміртау және Балқаш қалалары маңында пайда болды.

Санитарлық бекеттерде өңірге келгендердің барлығында коронавирустық инфекция белгілерінің бар-жоғы тексерілетін болады. Бұл жұмысты тәулік бойы жүргізу жоспарланып отыр. Бекеттерде тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мамандары кезекшілік етеді.

Естеріңізге сала кетейік, облыстың барлық автопарктері күшейтілген санитарлық бақылау режиміне көшкен болатын. Аталмын ережеге сай барлық жолаушылар автобустарының және маршруттық таксидің салондары әрбір рейс басталар алдында және аяқталғаннан кейін дезинфекциялық ерітінділермен өңделеді.
Жүргізушілер мен кондукторларды ауысым басталар алдында дәрігерлер тексереді. Егер оларда инфекция белгілері байқалса, онда оларды жұмысқа жібермейді.

COVID-19 коронавирусының алдын алу мәселелері бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінде (8-7212) 50-76-46 нөмірі бойынша жедел желі ашылды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.