Қарағанды облысының жастары Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

Қарағанды облысының жастары ZOOM платформасында өткен онлайн-конференцияда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру жолдарын талқылады.

Конференцияға 90-нан астам адам қатысты: облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сақошев, жоғары оқу орындарының студенттері, жас оқытушылар, ғалымдар, Jiger облыстық зияткерлік клубының, жастардың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және т. б.

Іс-шара барысында негізгі тақырыптың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалып, пікір алмасу өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов іс-шараға қатысушыларды ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында облыста ұйымдастырылған жұмыстар туралы хабардар етті.

– Біздің облыс әрқашан жоғары ғылыми және технологиялық әлеуетімен ерекшеленді. Бізде жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін өндірістер мен техникалық қызметтердің орталығына айналуға барлық алғышарттар қарастырылған. Облыста 9 жоғары оқу орны бар. IT нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялық қызметтерді дамыту мақсатында өңірде «Террикон алқабы» IT-хабын құру жоспарлануда, – деді Абзал Нүкенов. – Осы жоба аясында 2025 жылға қарай 3 мыңнан астам адам сұранысқа ие digital және IT-мамандықтарға оқытылады, ал осы саладағы қызметкерлер саны 10 мың адамға жетеді. 300-ден астам компания хабта акселерациядан өтіп, кірісті орташа есеппен 30%-ға арттырады. Өңірдің оқу орындары, бизнес және өнеркәсіп кәсіпорындары арасында өзара іс-қимыл ұйымдастырылатын болады.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік саясатта оқытудың барлық сатысында білім беру сапасын арттыру басты мәселе болатынын атап өтті. Оқушыларды ерте бейіндеу бойынша жұмыс жандандырылуда. Биылғы жылы алғаш рет ерте бейіндеуге бағытталған Jas skills және JasAgroSkills жобаларын іске асыруға қосымша білім беру ұйымдарын іске қосу жоспарлануда.

Облыстың 12 колледжінде құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Колледждер жанындағы бизнес-мектептер желісі кеңеюде. Биылғы оқу жылында олардың саны 26-дан 36-ға дейін артады.

Сондай-ақ колледждердің қызметін коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Техникалық бағыттағы барлық колледждерде студенттік конструкторлық бюролар ашу жоспарлануда. Осылайша студенттердің инновациялық жобалар мен техникалық әзірлемелер жасауы үшін жағдай жасалатын болады.

Осы жылдан бастап облыстың жеті колледжінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу орындарын жаңғыртуға бағытталған «Жас маман» республикалық жобасын іске асыру басталды. 2021 жылы жобаға тағы сегіз колледж кіреді.

Жоғары білікті мамандарды даярлаудағы басты рөл, сөзсіз, біздің облыстың жоғары оқу орындарына беріледі. Өңірде жастармен жұмыс істеудің жаңа нысандары енгізілуде: жас ғалымдар кеңесі, ғылыми-зияткерлік клубтар, зерттеу жұмыстары мен стартаптарға арналған алаңдар құрылды.

Зияткерлік клубтардың жұмысына облыстың ірі жоғары оқу орындары үш бағыт бойынша тартылған: IT-технологиялар және робототехника, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми-техникалық.

Президенттің бастамаларын іске асыру кәсіпқойлықтың өсуіне және жас мамандарды тиімді жұмысқа орналастыруға ықпал ететін болады. Қазіргі уақытта жастарға ғылыммен айналысуға, өз бизнесін ашуға, жаңа жобалар мен бастамаларды әзірлеуге және ұсынуға үлкен мүмкіндіктер беріледі. Ол үшін барлық жағдай жасалуда. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға гранттар бөлінеді. Сондай-ақ бастамалар мен ғылыми әзірлемелерге гранттық қолдау көрсетіледі.

Абзал Нүкенов жастарды өз ісінің маманы болу үшін және Жолдауда айтылған Президенттің бастамаларын іске асыру үшін жақсы оқуға шақырды.

Конференцияда сондай-ақ тұрғын үй бағдарламалары, ипотека және тегін тұрғын үй беру мәселелері қаралды. Біздің облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. Екі жыл ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан осы санаттағы азаматтарға 333 пәтер бөлінді.

Спорт мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыста бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамту өңірде 30,3% немесе 417 136 адамды құрайды.

Қарағанды облысында 3 046 спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 1 184-і ауылдық жерлерде. Қазіргі уақытта тағы 16 спорт кешені салынуда.

Жыл сайын қалалар мен аудандарда бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 15-тен астам спорт алаңы, 15 көпфункционалды хоккей корты және стрит-воркаут үшін 10 алаң орнатылады.

– Қабылданған шаралар халыққа спортпен шұғылдануға, белсенді өмір салтын жүргізуге, өз денсаулығына қамқорлық жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Конференцияда патриотизм және ішкі саясат туралы да айтылды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сақошев ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру мәселелерін талқылауға қатысып, өзі пікірін ілдірді. Ол қазіргі кезде жастардың өзекті мәселелерін шешу үшін жастар саясаты саласындағы уәкілетті органдармен ғана емес, қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда қоғаммен байланыс маңызды болып табылады, сондықтан әрбір азамат қандай да бір мәселелерді қалай шешу керектігі туралы өз ұсыныстарымен бөліседі. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша біз жастар үшін үш маңызды мәселені анықтадық: тұрғын үй, жұмысбастылық пен жұмыспен қамту және білім беру, оның ішінде оның құны. Мемлекет тарапынан көмекке аса мұқтаж үш санат анықталды: жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі және ауылдық жастар. Біз талдау және әдістемелік саладағы қоғамдық және мемлекеттік мекемелермен ынтымақтастыққа дайынбыз, – дейді «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сақошев.

Абзал Нүкенов өңірімізде жастарды қолдауға және оған көмектесуге әрқашан дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ онлайн-конференцияда Қарағанды облысының жастар ұйымдарының өкілдері мен басшылары сөз сөйледі.

– Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы-республиканың әрбір тұрғыны үшін маңызды оқиға. 25 жыл бұрын біз ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын орындай отырып, тәуелсіздік алдық. Осы жылдар ішінде біздің еліміз әлемдік аренада тұрақтылық пен беделге ие болды. Қазір біздің алдымызда Тәуелсіздік жетістіктерін нығайту және көбейту міндеті тұр. Жолдауда мемлекет қызметінің негізгі бағыттары айтылды, біз оларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деп атап өтті Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттік парламент төрағасы Андрей Ин.

– Бүгінгі жастар Мемлекет басшысының Жолдауына қызығушылық танытып, осындай кездесуді ұйымдастырғаны қуантады. Бұл дәстүрге айналуы, себебі Жолдау бірінші кезекте болашаққа бағытталған. Президент жолдауы біздің жастар үшін нақты іс-қимыл жоспары болады, – деп қорытындылады Абзал Нүкенов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған