Қарағанды облысының оқушыларына компьютерлер мен планшеттер таратыла бастады

Көктемгі каникул аяқталғаннан кейін, 6 сәуірде Қарағанды облысының 376 мектебі қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Осы уақытқа дейін барлық оқушылар мен педагогтар гаджеттермен және үздіксіз интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта жұмыстар әлбетте басталып кетті.

Дайындық бірден үш бағыт бойынша жүргізіледі: мұғалімдер мен мектеп оқушыларын компьютерлермен және интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету, облыс мектептерін автоматтандырылған платформаларға қосу және мұғалімдерді қашықтықтан жұмыс істеуге оқыту.
Бұл туралы Saryarqa телеарнасында білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.
– Барлық балалар мен мұғалімдерді компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін сегіз өңірде жергілікті бюджеттен 377 млн теңге бөлінді. Жалпы алғанда 2 409 компьютер мен планшет сатып алынады, – деді спикер.
Облыс мектептерінде әлеуметтік жағдайы төмен 36 мыңнан астам бала оқиды. Оның 8 112 оқушысы әзірге гаджеттер және интернетке қол жеткізе алмай отыр. 6 сәуірге дейін бұл мәселе шешіледі.
Онлайн-оқыту үшін мұқтаждарға мектеп компьютерлері беріледі. Уақытша өтеусіз пайдалануға қабылдау-тапсыру актісі жасалады, деп түсіндірді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, облыс орталығында 500 оқушыға планшеттер мен флешкалар таратылды. Бұл құралдармен қажет болғандардың барлығы қамтамасыз етіледі, деді Есенғазы Иманғалиев.
Оқыту sdot.bilimal.kz, daryn.online, sabak.kz, google.classroom.com, skype және zoom платформаларда өтеді.

– Қашықтықтан оқыту кезеңінде мобильді интернет қызметін тегін негізде ұсыну туралы провайдерлермен жұмыс басталды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Мұғалімдердің қашықтықтан жұмыс істеуге дайындығы аяқталуда. Оларды онлайн-семинарлар арқылы оқытуда. Мұғалімдердің еңбекақысына форматтың ауыстырылуы әсер етпейді.
1 сәуірде оқушылармен сынақ сабақтары жоспарланып отыр.
2 сәуірде Білім министрлігі онлайн-режимде республикалық ата-аналар жиналысын, ал келесі күні-балаларға арналған республикалық сынып сағатын өткізеді.
– Біздің алдымызда өте маңызды міндет тұр. «Қашықтықтан оқыту» тиімді болуы үшін негізгі үш адами қасиет қажет: шыдамдылық, тәртіп және жауапкершілік. Біз мұғалімдерден барынша беріліп жұмыс істеуді талап етеміз. Мүмкін болатын техникалық іркілістерге қарамастан, балалар толыққанды білім алуы тиіс. Келтірілген қолайсыздықтар үшін алдын ала кешірім сұраймын. Барлық мәселелерді жедел түрде шешетін боламыз, – деді Білім басқармасының басшысы қарағандылықтарға.
Ата-аналарда сұрақтар туындайтын болса, келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: (8-7212) 50-25-00 (білім басқармасы), (8-7212) 25-25-02 (call-орталық).

Брифингті келесі толық сілтеме бойынша көруге болады https://www.youtube.com/watch?v=14B1PkqT15c&feature=youtu.be

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған