Қарағанды облысының әкімдігінде көктемгі алқап жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды

Су тасқыны және көктемгі дала жұмыстары басты назарда. Тұрғын үйлер мен нысандарды су басу жағдайы жоқ. Егін егу жұмыстарының басталуына аз қалды. Фермерлер тыңайтқыштарды, сапалы тұқымдарды және ЖЖМ сатып алуға айналым қаражатымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігінде селекторлық режимде өткен. аппарат кеңесінде айтылды.

Егіс науқанына дайындықты кешікпей ұйымдастыру керек. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осындай тапсырма берді.

– Біз ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп көктемгі егіс жұмыстарын қолайлы өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз. Бұл үшін барлық жағдай бар. Арзандатылған дизель отынын жеткіземіз. Жедел шешім қабылдау және олардың орындалуын бақылау қажет, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

ҚазАгро филиалдары Қарағанды облысының егіс жұмыстарына несие беру үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

Сондай-ақ, әкімдіктен хабарлағандай, облыста су тасқыны кезеңі ресми түрде аяқталды. Төтенше жайттар тіркелмеген. Наурыз бойы облыс өзендерінде мұз кептелісін болдырмау үшін 17 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, автомобиль және темір жолдардағы 4 900-ге жуық су өткізу құрылыстары тазартылды.
Облыстың елді мекендерінде қар шығару, арықтарды, каналдарды тазалау, су бұру траншеяларын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Барлығы 2 млн 855 мың текше метр қар шығарылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған