Қарағанды облысының бес қаласында 30 наурыздан бастап карантин енгізіледі

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияға байланысты Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында карантин енгізіледі. Бұл туралы брифингте облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлім етті.

– Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары, мен келесі қалаларда карантин енгізу туралы Қаулыға қол қойдым: Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай, Теміртау. Қазіргі уақытта коронавирус ауруының 7 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы Қарағандыда анықталды. Бірақ, серіктес қала тұрғындарының 25%-ы Қарағандыға жұмысқа және басқа да істері бойынша келетінін ескере отырып, осы қалаларда коронавирустың одан әрі таратуына жол бермеу үшін карантин қабылданды, – деді Қанат Асқаров.

Қаулымен карантин аймағының талаптарын орындау үшін шаралар белгіленген, деп түсіндірді ол. Олар 30-шы наурыз 00.00 сағаттан бастап, яғни жексенбі түнде енгізіледі.
– Сонымен қатар, арнайы рейстерге шектеу қоймастан авто және теміржол вокзалдарын, әуежайды жабу жөніндегі мемкомиссияға өтініш жіберіледі. Сондай-ақ, қоғамдық көлікті шектеу және карантиндік аймақты толық қоршауды қамтамасыз ету туралы өтініш жасайтын боламыз, – деді Қанат Асқаров.
Қарағандылықтар алдында қала әкімі Нұрлан Әубәкіров те сөз сөйледі. Ол 30 наурыздан бастап күшіне енетін қосымша қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
– Біріншісі – азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, банк қызметтерін пайдалану және жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеледі. Екіншісі – 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуды шектеу ұсынылады. Үшіншісі – халықтың жаппай жиналатын орындары – саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және т.б. жабылады. Төртінші – бизнес-орталықтардың жұмыс режиміне шектеу енгізіледі – сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін, олардың жанындағы қоғамдық тамақтану пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады. Бесінші – барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсынылады, – деп хабарлады қала әкімі.
Бұдан басқа, алаңы 2000 шаршы метрден кем объектілердің және азық-түлік емес тауарларды сату жөніндегі барлық объектілердің қызметі тоқтатыла тұрады. Мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады.
Мейрамханалар мен дәмханаларға тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда топтасып, үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады (отбасы мүшелерінен басқа). Кәмелетке толмаған азаматтарға қала бойынша ересектерсіз жүруге тыйым салынады.
Жедел деректер бойынша, бүгінгі күні карантинде тәулік бойы бақылауда 509 адам бар. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 421 адам үйде карантиннен өтуде.

– Бүгінгі таңда 7 жұқтыру оқиғасы анықталды,оның ішінде 4-уі сырттан келгендер және ауырғандардың 3-уі біздің облыс тұрғындары. Барлық пациенттер эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланған және тиісті емдеу курсынан өтеді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Қажетті дәрі-дәрмектер толық көлемде бар, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Бюджеттік қаражатқа 7 сәуірде облысқа түсетін экспресс-тест партиясы сатып алынды, деп хабарлады ол. Тестілеу клиникалық көрсеткіштері болған жағдайда аумақтық емханаларда тегін жүргізіледі.
Спикерлер сондай-ақ журналистердің сұрақтарына жауап берді. Олардың бірі COVID19 коронавирустың соңғы үш зертханалық расталған жағдайына қатысты болды.

– Біз жұқтырғандармен байланыста болған эпидемиологиялық тізбекті тоқтату бойынша шаралар жүргізудеміз. Олардың барлығы анықталып, карантинге орналастырылды. Емделушілердің бірі қатаң карантин режимін бұзғандығы анықталды, сондықтан біз санитарлық-эпидемиологиялық іс – шараларды күшейттік, оның ішінде Қарағандыдағы көп қабатты үйдің кіреберісін карантинге жабдық, – деп түсіндірді Қанат Асқаров.
Қарағанды облысының тұрғындарына үрейге бой алдыртпай, дүрбелеңге берілмей, талаптарды қатаң сақтауды сұрады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған