Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында электрондық рұқсаттамасыз жүруге болады

4 мамырдан бастап Қарағанды облысының Теміртаудан басқа елді мекендерінде электрондық рұқсатнамалар өз күшін жояды. Бірақ кедергісіз қала ішінде ғана жүруге болады.

Қаладан шығу үшін бұрынғысынша электрондық деректер базасында мәліметтердің болуы талап етіледі. Облыс қалалары мен аудандары арасындағы блок бекеттер өз жұмысын жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырдан бастап Қарағанды облысында, Теміртаудан басқа қалалар мен аудандарда халыққа қызмет көрсететін бірқатар нысандар жұмысын қайта бастайды. Олардың қатарында шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын ала жазылу бойынша), ақша айырбастау пункттері, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер, фотосалондар, гүл дүкендері, газет дүңгіршектері бар. Алдын ала жазылу бойынша стоматологиялық кабинеттер мен клиникалар да жұмыс істей алады.

Микроқаржы және сақтандыру ұйымдары, жарнама агенттіктері, жылжымайтын мүлік компаниялары, баспаханалар, ломбардтар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кәсіпорындары, жеке сот орындаушылары, заңды және нотариалдық кеңселер қызметін қайта іске қосады.

Далада жеке спорттық сабақтар мен жаттығуларға рұқсат етіледі.

29 сәуірде премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешім қабылданды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған